АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен мен қорғаныс министрі Лойд Остин алғаш рет шетелдік сапарын Жапониядан бастады. Кеше, 15 наурыз күні Токио қаласына барып түскен олар бүгін Жапонияның СІМ және Ұлттық қорғаныс министрлігімен «2+2» ынтымақтастықты тереңдету бойынша келіссөздерді бастап кетті. Сапар жоспары бойынша ертең Сеулге аттануы тиіс.
Кейбір бақылаушылар Байден командасының алғашқы ресми сапарын Жапония мен Оңтүстік Кореядан бастауына назар аударып отыр. Бұнымен Байден үкіметі Солтүстік-Шығыстағы Азияның қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығын көрсетіп отыр деп санайды. Былайша айтқанда, АҚШ-тың жаңа билігіндегі шенеуніктердің алғашқы сапары болған елдер Құрама Штаттардың қазір баса мән беріп отырған елдері саналады.
Уашингтонның Жапония мен Оңтүстік Кореяға баса мән беруінде екі негізгі себепті көріп отырмыз. Біріншісі болса, одақтас осы елдер қазір Құрама Штаттар тап болып отырған Қытайдың ықпалына қарсы ұзақ жылдан бері бір-біріне сәйкесіп жұмыс істеп келген елдер. Ал, екіншісі болса, Құрама Штаттар мен оның одақтас, серіктерінің қауіпсіздігі үшін Корей түбегінің ядролық қарудан тазаруында да Жапония мен Оңтүстік Кореяның маңызы зор. Көп жылдардан бері Құрама Штаттың жаңа билігі өзінің сауда-экономикалық қатынастарын бекемдеп, келісімдерді пысықтау үшін әр жаңа үкіметі алдымен Лондонға, сосын Еуропаның бірқатар елдеріне сапарлайтын. Соңғы жылдардағы қалпытасқан жаһандық геосаяси жағдайларға байланысты бұл дәстүрлі өзгертуге тура келуде.
Қазір, әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы қайшылық асқынған күйде қалып отыр. Бұған Трамп кезіндегі сауда шектеулері мен Қытайдың асқына түскен агрессиялық әрекеттері себеп болып отыр. Байден жұмысына кіріскеннен бері екі ай шамасындағы уақыт өтсе де, ол кейбір Трамп кезінде қабыл алынған Қытайға қарсы қысымдарды алып тастауға асықпайтын көрінеді. Ол Ақ үйге кірмей тұрыпта АҚШ-Қытай қайшылығы өз күйінде қалатынын сайтымызда бірнеше сараптамалар арқылы болжаған едік. Қытайға қарсы жоғары тарифтерді сақтап қалған Байден үкіметі, оған үстеме ретінде Тайуанның демократиялық режиімін қолдауда белсенділік те танытты, оған қоса Шыңжаңдағы адам құқығы, аз санды ұлттарға қаратылған қысым және мәжбүрлі еңбек мәселелері де Уашингтонның қабағын салқындата түсті. Бұл әрине, Бейжіңнің шамына тиді.
Осының бәрі қосыла келіп, Қытайдың артып келе жатқан сын-қатерлері Байден билігі үшін де ең басты ауыртпашылық болып қабылданды. Және соның нәтижесінде Үнді және Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығы, Шығыс Азия мен Оңтүстік Шығыс Азиядағы Қытай әрекетіне тосқауыл қою қатарлы стратегиялық қадамдарды алға жылдытуына тура келді. Сонымен Мем. департамент пен Пентагонның жаңа басшылары салып ұрып Токио мен Сеулге келді.