Тағы да АУҒАНСТАН. Онда елді шариғатпен басқарып, әсіре діни ұстанымдағы ел құрғысы келетін «Талибан» қозғалысының ықпалы бұрын ай, жыл санап артса, қазір күн санап кеңеюде. Себебі, елде ресми үкіметке қолдау көрсетіп тұрған шетелдік күштер бұрынғыдан азайды. Қалған АҚШ пен өзге де шет елдік қарулы күштер Ауғанстаннан мамырға дейін шегініп кетуі тиіс. Дональд Трамп президенті болып тұрған кезде «Талибан» қозғалысымен жасасқан келісім солай. Бірақ, осы мәселені Уашингтонның жаңа билігі қайта қарауға тырысып жатқандай. Мамырға дейінгі санаулы айлар шешімді түбегейлі өзгертуге аздық етеді, сондықтан тәліптерді қайта келісімге шарықу қиын.

Жақында Уашингтонның Ауғанстан ісі бойынша арнайы өкілі Залмай Хализат Кабул мен Дохаға сапарлап кеткенін жазған болатынбыз, әрі Хализат сапарынан кейін Ауғанстанда бірқатар елеулі өзгерістер болуы мүмкін деген болжамымызды да ортаға салғамыз. Қазір, Байден әкімшілігі Ауғанстан ісімен шындап айналыса бастады.

Байденнің бас дипломаты, яғни, АҚШ мем. хатшы Блинкен Ауғанстан президенті Ашраф Ғаниға хат жолдап, тәліптердің жазғы қарулы шабуылдарға дайындалып жатқан ескертіпті.  Расында да, мамыр айында елден НАТО бастатқан шетелдік күштер шығып кетсе, Ауғанстан жағдайы қандай болатынын қазірше елестету қиын.

Мамырға дейні уақыт аз дегенімізбен, Байден билігі үшін тәліптерді келісімге шарықыруға себеп көп. Бір ғана келісім шарттарын атқару бойынша да «Талибан» өз уәдесін орындап отырғаны байқалмайды. Бұл да себеп. Келісім бойынша, елдегі шетелдік күштер шығарылуына жауап етіп, елдегі экстремистік топтардың шабуылына, шетелдік елшіліктер мен аздаған әскери нысандарға шабуылды болдырмауға, елдегі тұрақтылықты сақтауға жауап беретін болып келіскен. Бүгінгі Ауғанстан жағдайынан тәліптердің мұндай жауапкершілігін сезініп жатқаны жоқ.

Блинкеннің президент Ғаниға жазған хатын BBC жария етті. АҚШ мемлекеттік хатшысының сөздерін Ғани билігі мен тәліптерге қатар қысымды түсіру деп санайтындар да бар. BBC болса «Шетел әскерлері шығып кетісімен елде азаматтық соғыстың өршіп кетуінен алаңдайды» деп сараптапты. АҚШ расында да Ауғанстандағы азаматтық соғыстан алаңдай ма? Не үшін алаңдайды? Бұл сұрақтарға аталған ағылшын ақпарат алыбы тарабынан берілген жауапты көрмедік. Дегенмен, оны өзімізше түсіндіруге болады. Анығында, Құрама Штаттар Ауғанстанда белгілі деңгейде қақтығыстардың тоқтамауына мүдделі. Ауғанстанда тыныштық орнату мақсатында болған ел 19 жыл соғысты нәтижесіз аяқтатып, кетіп қалмас еді. Оның көп себептерінің бірі Қытай, бірі Ресей, осы екеуіне шектесіп жатқан Орталық Азия және Қытайдың маңызды одақтасы Пәкістан.

Ауғанстанда қақтығыстар ондағы биліктің қуатын кемітіп, экстремистік, сепаратистік, террорлық топтардың күшеюіне алып келеді. Бұл Қытайдың батыс іргесі, әсіресе ұйғырлардың тарихи орталығы Қашқардың жанынан қуатты жарылғыш қойғанмен бірдей. Соған қоса Орта Азия мен Пәкістанның да мазасы кетеді, Бұл Ресей мен Қытайдің жүйкесін жұқартатын жағдай. Осының өзі анау Ауғанстанда біздің де мүдделерімізге қатысты істердің болып жатқанын көрсетсе керек.

“The Qazaq Times”