Минск соты TUT.BY сайтының тілшісі Екатерина Борисевичті 6 айға, дәрігері Артем Сорокинді 2 жылға бас бостандығынан айырды. Сот оларға «медициналық құпияны ашты» деген айып тақты.

Дәрігер мен журналист Роман Бондаренконы «құқық қорғау қызметкерлерінің өлтіргені» туралы ақпаратты растайтындай деректер ұсынып, оның қазасы туралы Беларусь үкіметінің ресми мәлімдемесін жоққа шығарған. Журналист өзі қызмет ететін TUT.BY сайтына Бондаренко қайтыс болар алдында ішімдік қолданбағанын жазған.

Бұл жарияланымға дейін президент Лукашенко мен билік өкілдері белсенді мас болған деген мәлімдеме жасады. Ал марқұмның туыстары Бондаренконың қазасы туралы материалды жариялауға рұқсат бергенін айтты.

Еуроодақ Бондаренконың өліміне Беларусь билігін кінәлады. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі мәлімдемесінде Бондаренко қазасын «азаматтарын қудалап қана қоймай, оларды адам құрлы көрмейтін Лукашенко бастаған биліктің зығырданды қайнататын өрескел әрекеті» деп атаған.

Роман Бондаренко былтыр 11 қарашада митинг өтетін «Өзгерістер алаңы» деп аталатын аулада маска таққан белгісіз біреудердің шабуылынан кейін қаза тапты. Александр Лукашенко бұған дейін Бондаренко мас болғандықтан полицияға жеткізілгенін айтқан. Ал Беларусь тергеу комитеті белсенді жергілікті тұрғындармен төбелесіп жарақаттанды деп мәлімдеген. Ал дәрігер Артем Сорокин мен журналист Екатерина Борисович биліктің Бондаренко өліміне қатысты ресми мәлімдемесін жария түрде жоққа шығарған. Дәлел ретінде TUT.BY сайтында Бондаренконы ауруханада алғаш рет қараған кездегі құжат көрсетілді.

Кейінірек оқиға кезінде түсірілген фотосуреттерде Беларусь хоккей федерациясының төрағасы Дмитрий Басковқа ұқсайтын адамның болғаны анықталды. Осыған байланысты 2020 жылы желтоқсанның соңында Халықаралық федерацияның тәртіптік комиссиясы Басковқа қатысты тергеуді бастаған. Бірақ Беларусь оппозициясы да белсендінің қазасына кінәлілерідің әлі күнге дейін бостандықта жүргенін айтады.

13 қарашада Беларусьтің көптеген қалаларында 31 жастағы Роман Бондаренконы еске алу шарасы өтті. Оған жүздеген адам жиналды. Әлеуметтік желіде «ынтымақ шеруіне» шақырған ұрандар тарады. Минск пен бірқатар қалаларда оппозицияның ақ-қызыл түсті туы мен плакаттар ұстаған адамдар шеп құрды.

Беларусьте тәуелсіз ұйымдарды тінту мен журналистерді қамауға алу әлі де жалғасып жатыр. 17 ақпанда Беларусьте полиция ондаған журналист пен құқық қорғаушыларға тінту жүргізген болатын. Тінту елдің барлық облыс орталықтарында – Минск, Брест, Гомель және басқа аймақтарда таңертең басталған. Нәтижесінде, белгісіз себептермен екі адам қамауға алынған. Минскіде олар Беларусь журналистер қауымдастығының басшылығына да тінту жүргізді. Кейіннен полиция ұйымның кеңсесіне де барды. Бұл тәуелсіз ұйым 1995 жылы Беларусь журналистерінің ресми Одағына қарсы құрылған.

Гомельде сегіз тәуелсіз журналист пен құқық қорғаушылар, Могилевте екі журналист және «Весна» рталығының екі аймақтық қызметкерін тексерді. Сарапшылар Беларусь билігінің бұл қадамын «сөз бостандығына қайшылық және диктатураның айқын көрінісі» деп санайды.

"The Qazaq Times"