Қытайдың арзан электр көліктері Илон Масктың Tesla компаниясын тығырыққа тірегелі тұр. Қытайдың SAIC Motor атты мемлекеттік компаниясы өндірген электр қозғалтқышты көліктері небәрі 4500 АҚШ долларына сатылып, нарықта сұранысқа ие болды.
Аталған Қытайдың ұлттық компаниясы Hong Guang Mini деп аталатын шағын көліктерді АҚШ-тың General Motors компаниясымен бірлесе отырып шығаруда. Hong Guang Mini сағаттық қарқынын 100 шақырымға жеткізе алады. Оның қазірше екі түрлі нұсқасы бар, бірі 4500 АҚШ доллары болса, енді бірі 5000 долларға бағаланады. Қытай ақшасымен шамамен 30 мың юань болатын бұл көліктер дәстүрлі автокөліктердің көбінен арзан және бұл соманы басым көп қытайлықтардың қалтасы көтереді. Қытайда отандық өнім ретінде күшті сұранысқа ие болып, қаңтар айының өзінде «Тесла» көліктерінен екі есе көп сатылуда.
Қоршаған ортаға зиянсыз саналатын көліктер Қытай үшін аса маңызды. Бұл Қытайдағы дағдарысқа жақын тұрған экология мәселесіне де әсер етпек. Сондықтан Қытай үкіметі электр қозғалтқышты көліктерге мемлекеттік қолдауды жетерлік беріп отыр. Ең кемінде оны сатып алушыға мемлекеттік көлік нөмерін тегін ұсынады. Қытайдағы қатынас-тасымал көліктерін басқару ережелеріне сай өз көлігіне нөмер алу аса қиын. Бұл елдегі жеке көліктердің санын шектеу үшін де қиындатылған. Тіпті, Шаңхай, Бейжің секілді бірнеше он миллион халық тұратын қалаларда көлік нөмерін алу бірнеше жыл уақытты алады.
Бір сөзбен айтқанда, Қытайлық SAIC Motor өзінің электр көлік саласындағы әріптестеріне үлкен қорқыныш алып келді. Ол алып Қытай нарығын жаулаумен қатар болашақта әлемдік нарықта да сұранысқа ие болуы мүмкні деген болжамдар бар.