АҚШ президенті Джо Байден Қытай билігінің адам құқықтарын бұзуы жауапсыз қалмайды деп ескертті. Тиісті мәлімдемені Ақ үй басшысы Милуокиде (Висконсин) өткен қоғамдық жиында айтты.

Жиында журналистер Байденнен ҚХР Төрағасы Ши Жиң Пиңмен Шыңжаң автономиялық ауданындағы жағдайды талқылағанын сұрады. Бұл ретте Байден Гонконг, Шыңжаңдағы ахуал және Тайваньдағы жағдайды айыптай сөйледі.

Байден сөзінде: «Мен ББҰ-да және өзге де халықаралық ұйымдармен адам құқықтарын қорғауды жалғастырамын. Қазір Қытай әлемдік көшбасшы болуға тырысады. Бұл атаққа ие болу үшін басқа мемлекеттердің сеніміне ие болуы керек. Ал Қытай билігі адам құқықтарын өресел бұзып келеді. Мұның жауапсыз қалмайтынын ескертемін. Ши Жиң Пиң бұл әрекеттің қандай нәтиже беретінін жақсы біледі», – деді.

Өткен сәрсенбіде Байден ҚХР төрағасымен коронавирустың таралуына қарсы күрес, климаттың өзгеруі және әлемде қару-жарақтың таралуын болдырмау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Байден Гонконг, Шыңжаң және Тайваньдағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіретінін де айтты. Ал Қытай Орталық теледидарының хабарлауынша, Ши Жиң Пиң «екі ел арасындағы қарама-қайшылық олар үшін де, бүкіл әлем үшін де қауіпті» деген.

Бұған дейін АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп таныды. Кейіннен Қытай СІМ америкалық шенеуніктерге санкция енгізетінін айтты. Бейжің билігінің Шыңжаңдағы әрекеттерін геноцид деп тану – Трамп үкіметінің биліктен кетер алдында Қытайға қарсы соңғы шарасы. Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысымдар мен Бейжіңнің адам құқықтарын ауыр дәрежеде бұзу әрекеттері көптеген елдерде талқыланып келді.

2018 жылдың тамызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілдері Шыңжаңдағы түзету лагерлерінде 1 млн-ға жуық мұсылманжардың заңсыз ұсталғанын және адам құқықтарының тапталғанын мәлімдеді. Басқарма бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, осы аймаққа бақылаушылар жіберуді ұсынды.

Қытай билігі Шыңжаңда пенитенциарлық мекемелердің ауқымды желісін құру туралы ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында олар өңірде білім беру және кәсіптік даярлау орталықтары жұмыс істейтінін хабарлаған. Қытай шенеуніктерінің мәлімдеуінше, онда терроризм мен экстремизм идеяларының ықпалына түскен, қытай тілін, жазу негіздерін, коммуникативтік дағдыларды және ҚХР заңнамасының негіздерін оқитын адамдар бар. Бұл орталықтардағы адамдардың нақты санын Қытай билігі жасырын ұстап отыр.

"The Qazaq Times"