Ресейлік «Спутник V» вакцинасының Қазақстан аумағында өндірілетін «Гам-КОВИД-Вак» нұсқасы 1 ақпаннан бастап егіліп жатқанына қарамастан мемлекеттік тіркеуден енді өтті.

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өткен сенбіде 13 ақпан Денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама ұйымы вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытындыға келген.

Қазірдің өзінде мыңдаған маманға егілген вакцинаның тіркеу куәлігін алуға министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне өтінім жолданған. Демек екі апта бұрын басталған екпе науқаны ресми жүргізілген.

Кәсіпорынның дерегінше, Қазақстан – «Спутник-V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші ел. Тізімде Кремльдің байланысы мен ықпалы бар Беларусь, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Түркменстан, Венгрия, БАӘ, Иран, Армения және Моңғолия сияқты мемлекеттерде тіркелген.

Үкімет ҚФК ақпанның соңына дейін өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 90 мың дозасын жеткізетінін мәлімдеді. Ресейден әкелінген шикізат негізінде екпе өндіретін фарма-кешеннің иелерінің бірі Қазақстанды 30 жылдай билеген Назарбаевтардың құдасы болған белгілі олигарх Қайрат Боранбаев. 15 млрд теңге қаржы қарастырылған өндіріс орны өзін «биотехнологиялық препараттар өндірісіне мамандандырылған ҚР-дағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтикалық зауыт» деп сипаттайды. Боранбаев та вакцина өндіру мүмкіндігінің иелену себебі осы екенін және бұған қолжеткізуде Назарбаевтар әулетімен туытығының еш қатысы жоғын айтады.

"The Qazaq Times"