Үнді-қытай шекарасындағы жанжалдардан кейін тараптар таулы шекара аймақтарына он мыңдаған әскерлерін топтап, аңдысқан күйде тұрған болатын. Екі жыл ішінде талай мәрте шекара сарбаздары қақтығысып қалды, бірақ тараптардың даулы шекара аймағында оқ атыспау келісіміне сай қарулы қақтығыс бола қойған жоқ. Бірақ, жақында екі елдің ресми өкілдері қарсыласу аймағынан майдандық әскерлерді шығаратынын мәлімдеді.
Үндістан Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеге қарағанда, Қытайдың әскери шенділерімен жүргізілген келіссөз нәтижесіне сай тараптар қарсыласу аймағына айналған Пангоң Цоның (Pangong Tso) екі жағынан әскери күштерін кері шегіндіретін болған.
Үндістан қорғаныс министрі Сингх сөзінде Үндістан келіссөз барысында ешқандай жеңілдік жасамағанын алға тартты. Ол сондай-ақ, екі елдің шекарадан әскерлерін кері қайтаруы кезең-кезеңімен және үйлестірілген әрекеттер бойынша жүзеге асырылады.
Қытай Қорғаныс министрлігі де осыған ұқсас мәлімдеме таратты. Мәліметтерге қарағанда, тараптар 10 ақпаннан бастап жанжалды шекара аймақтарынан әскерлерін кері қайтару әрекеттерін бастаған.
Айта кету керек, тараптар бұған дейін 8 мәрте келіссөз өткізіп, шекара жанжалын шешу бойынша пікір ортақтығын таба алмаған болатын. Пангонг және оңтүстік шекаралардағы әскерлерді кері шегіндіру бойынша келіссөздердің 9-шы кезегінде келісімге қол жеткізді.
Үндістан мен Қытай 2020 жылдың мамыр айынан бері шекаралық қақтығыстар мен таулы аймаққа әскерлерін топтай бастаған болатын. Маусымда Ладах аймағында шиеленіс басталып, екі армия қақтығысқа түсті. Екі жақтың сарбаздары оқ атыспағанымен тас лақтырысып, сойыл сілтескен. Нәтижесінде көптеген үнді сарбаздарының қаза тапқаны ақпарат құралдарына тараған. Ал, Қытай өз әскерлері қатарынан қаза болғандардың санын ашып айтқан жоқ.
Содан бері екі ел қақтығыс аймақтарында артиллерия, танктер, тіпті әскери ұшақтарды орналастырды. Бұған ілесе Қытай-Үндістан шекара қақтығысы өрши берді. 7 қыркүйекте екі ел арасындағы даулы Пангонг көлінің маңында атыс басталды. Екі ел де бірін-бірі көкке қара оқ атқаны үшін келісімді бұзды деп айыптаған. Бұл оқиға 1975 жылдан бергі оқ атпау келісімін алғаш рет бұзды. Осы тұста Қытай мен Үндістан арасында қарулы-қақтығыстың мүмкіндігін жоғары деп болжаған сарапшылар да болған. Сондай-ақ, жағдай Халықаралық қауымдастықты да алаңдатқан еді.