Ресейлік «Спутник V» коронавирус вакцинасының Қазақстандағы өндірісіне, Қарағанды фармацевтикалық кешеніне бюджеттен 15 млрд 175 млн теңге бөлінген.
Бұл туралы редакция тілшісінің қазақ тіліндегі сұрағына вице-министр Ажар Ғиниятқызы күмілжіп, алыстан орағытты. Алайда Азаттық журналисінің орысша қойған сұрағына жауап берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жоғарыдағы деректі келтірді. Үкімет мүшесі, министрдің мемлекеттік тілге жетік болмауы себепті өзекті сұрақтар осылайга жауапсыз қалып қояды, ал қазақша ұғатын орынбасарлары бастық қабағына қарайлап, именшектей береді.
10 ақпан сәрсенбі күнгі брифингте министр вакцина бағасы жайлы сөз етті.
– Алғашқы партиясы екі дозасына 26 доллардан келді. Ресей тіке инвестиция қорынан баға мәселесі қайта қарастырылуы мүмкін екендігі туралы хат келді. Аталған өнімнің көптеп шығарылуына байланысты бағасы арзандауы мүмкін. Қазіргі кезде бағасы – 26 доллар, – деді Цой.
Сөзіне қарағанда, Қарағанды фармацевтикалық кешенінен шыққан (вакцина шикізатын Ресей дайын субстанция күйінде жеткізеді – QT) екпені министрлік қарамағындағы бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» дәл осы бағада сатып алады. Бұған дейінгі екі брифингте министрлік өкілдері зауытқа аударылатын қаржының көлемі жөніндегі сауалға жауап бермеген.
Министр Алексей Цойдың «әлем сұранысына» ие, «тексерілген» деген вакцинасын ақпарат құралдары әлі күнге дейін ресми тіркеуден өтпегенін жазған. Өзге таңдау болмағандықтан, технологиялық мүмкіндігінен әрі барлық талапқа сай келгендіктен таңдап алынды делінген Қарағанды фармацевтикалық кешеніне иелік ететін кәсіпкерлердің бірі белгілі олигарх Қайрат Боранбаев. Ол Азаттық тілшісіне экс-президент Назарбаев әулетімен туыстығының бизнесіне еш әсер етпегенін айтып хабарласқан.
Цойдың айтуынша, кейбір партиялары Ресейдің өзінде өндірілетін Спутник V екпесіне 18 млрд теңге қарастырылған. Алайда қаңтар айының соңында вице-министр Марат Шоранов вакцинация науқанына бөлінген 50 млрд теңге қаржының 16,8 миллиарды көрші елдің Спутник V, қалған бөлігі отандық QazCovidIn екпелеріне жұмсалу жоспарланғанын мәлімдеген еді.