Күні кеше Қытайдың Алматыдағы консулдығының алдында наразылық акциясын өткізген Байболат Күнболатұлы 10 күнге қамалды.
Қалалық мамандандырылған ауданаралық соты белсендіге 9 ақпан күні Қытай консулдығы алдында рұқсат етілмеген «заңсыз» пикетке шыққаны үшін Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы («Бейбіт жиын өткізу тәртібі») бойынша қамау туралы шешім шығарған.
Осыған дейін Күнболатұлы 2018 жылы Қытайда белгісіз себеппен 10 жылға сотталған бауыры жайлы айтып, консулдық алдында 1 ақпанда жалғыз адамдық пикет өткізген еді. Сол кезде сот тарапынан оған ескерту берілген.
Ақпанның 10-ы, бүгін інісін босатуды талап еткен Байболат Күнболатұлының 60 жастағы анасы Зауатхан Тұрсын қатарлы бір топ адам қарсылық акциясын өткізді. Бүгінгі наразылыққа Күнболатұлының анасынан өзге Шыңжаңда қамалған немесе Қазақстанға қайта өте алмай отырған қазақтардың туыстары да қатысты. Бәрінің талабы ортақ – Қытайда жазықсыз қамалған жақындарының босату.
Дәл осыған ұқсас туысынан хабар-ошарсыз қалып, жағдайына алаңдаған азаматтар кейінгі бірнеше күн бойы Қытай елшілігіне базынасын жеткізуге жиналды. Сейсенбі күні наразылыққа шыққан 8 адамның бірі Күнболатұлын кешкісін полиция үйінен алып кеткен.
«Қытай геноцидін тоқтатуды» талап еткен азаматтар шекараның арғы бетінде негісіз ұзақ жылдарға сотталған туыстарын тез арада босату және елге жіберуді сұрайды. Нақақ қамалып отыр делінген жандардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Құзырлы органдар олар мемлекет қорғауында екенін айтқанымен, билік азаматтары мен қандастарымызға араша болудың орнына, осындағы наразыларды жауапқа тартып әлек.
Қытай аймағы Шыңжаңдағы саяси лагерьлер жөніндегі ақпар алғаш 2017 жылы тарай бастаған. Әлемдік БАҚ беттерінде Бейжің «қайта тәрбиелеу орталығы» атайтын лагерьлерде ұйғыр, қазақ тәрізді азшылық ұлт өкілдері жаппай қысым көріп, қамалып жатқаны туралы жазылып келеді. БҰҰ 2018 жылы жариялаған есебінде Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық мұсылман отырғаны айтылған. АҚШ-тың алдыңғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «геноцид» ретінде бағалаған. Алайда ҚХР өзіне қатысты айтылған сын-айыптардың барлығын жоққа шығарады.