Республикалық және демократиялық партияның сенаторлары оппозиционер Алексей Навальныйдың қамалуына байланысты Ресейге қарсы санкциялар туралы заң жобасын АҚШ Конгресіне тапсырды. Сенатор Марко Рубионың айтуынша, аталған құжат Ресейдің бірқатар ірі жобаларына соққы болады.
«Құқықбұзу әрекеттері үшін Ресей Федерациясын жауапқа тарту туралы 2021 жылғы заң жобасы» деп аталатын құжатты сенаторлар Марко Рубио, Крис Кунс (Делавэр демократы), Бен Кардин (Мэриленд штатының демократы), Митт Ромни, Крис Ван Холлен (Мэриленд штатының демократы) және Ричард Дурбин бекіткен. «Заң жобасында оппозиция жетекшісі және Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың улануы мен түрмеге қамалуы – халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы. Сол себепті осы іске тікелей қатысы бар ресейлік шенеуніктерге санкциялар енгізу қарастырылған», – делінген хабарламада.
Аталған құжат бекітілсе, АҚШ әкімшілігіне Ресейдің «химиялық және биологиялық қаруды қолдануға тыйым салаынған заңдарды» өрескел бұзғаны үшін де шектеулер қарастырылады. Сонымен қатар, Вашингтон әкімшілігі «ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың өлімі туралы есепті» де талап етіп отыр.
Заң жобасындағы тармақтардың бірі «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын айналып өтпейді. «АҚШ Конгресі Германия үкіметін «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын қолдаудан бас тартуға шақырады» – дейді сенаторлар.
Былтыр қыркүйекте заң шығарушылар Конгреске «Ресей билігінің құқықбұзу әрекеттері үшін жауапқа тарту туралы Заң жобасы» қабылдаған болатын. Конгрестің деректер базасына сәйкес, 24 қыркүйекте бастама Сенат комитетіне жолданған.
2 ақпанда Мәскеудің Симоновский аудандық соты Алексей Навальныйдың «Ив Роше» ісі бойынша алған шартты жазасын түрме жазасына алмастырды. Тергеу изоляторы мен үйқамақтағы мерзімін есептегенде оппозиционер колонияда 2 жыл 8 ай отырады. Сотқа Еуропаның 20 шақты мемлекетінің дипломаттары қатысты. Үкім шыққаннан кейін батыс елдері Ресей билігінің бұл әрекетін «еркіндік құқығы мен заң үстемдігіне жасалған ауыр соққы» деп сынға алып, Навальныйды бостауды талап етті.