Үкімет отырысында Тоқаев «сынақтан сәтті өткен жағдайда, отандық вакцинаны қабылдаймын» деген. Бірақ ДенМин Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқандарға «вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ болғандықтан», екпе салынбайтынын хабарлады. Яғни 67 жастағы екінші президентке екпе салынбайды. «Қазақстандық екпені салдырамын» деп сендірген президенттің бұл мәлімдемесі мен ДенМин хабараламасындағы қайшылық халықтың вакцинацияға деген күдігін одан ары күшейткен тәрізді.

Ресми ведомство ұсынған COVID-19 вакцинациясының тәртібі мен ережесі бойынша:

«18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды».

ДенМин жыл аяғына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Яғни екпе бірінші кезекте инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөлмесінде істейтін қызметкерлерге салынбақ. Ал сәуірден бастап жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындары, медициналық қызмет көрсететін мекеме мамандарына вакцина егіледі.

Қазақстанда вакцинация кезең-кезеңімен жүргізіледі:

1 ақпанда басталатын бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызмет медицина қызметкерлері вакцина ала алады.

1 наурызда басталатын екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-ның педагогтері, медициналық қызмет қызметкерлері.

1 сәуірден бастап үшінші кезеңде: мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтері, студенттер және созылмалы ауруы бар адамдар егу салдырады.

Қазір отандық QazCovid-in сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Министр Алексей Цой елдегі медициналық мекемелердің барлығы вакцинацияға дайын екенін жеткізіп, жақын арада елге коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасы жеткізілетінін айтты. Бұған дейін министрлік 1 ақпанда халыққа коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егіле бастайтынын, алғашқы кезеңде ресейлік дәрі салынатынын хабарлаған.

Тамызда қазақстандық «СК-Фармация» сынақтың соңғы үшінші кезеңінен толық өтпеген Ресейдің тіке инвестиция қорымен коронавирус вакцинасын алу туралы келісімге қол қойған. Сол кезде Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин сөзінде екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті.

Бірақ кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын. Сонымен қатар Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Бірақ Ресей тарапы бұл ақпарды жоққа шығарды.

"The Qazaq Times"