Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрлігіне халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың егжей-тегжейлі жоспары болуы қажеттігін ескертті. Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды түзетуге көмектеседі деп үміт білдірген Тоқаев «отандық екпе қабылдайтынын» да айтты.
«Бірінші мәселе – медициналық мекемелердің вакцинация жүргізуге дайындығы. Екіншісі – денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекеттік органдардың не істеп жатқанын түсіндіру жұмыстары. Азаматтарды вакцинациялау бойынша байыпты, егжей-тегжейлі жұмыс жоспары қажет. Вакцинация – бұл өзекті мәселе. Бізге вакцина егу бойынша мұқият қарастырылған ірі жоспар керек. Хаосқа жол бермес үшін көптеген нюанстарды ескеру қажет. Вакцинация эпидемиологиялық жағдайды түзетуі керек», – деді Тоқаев.
Медициналық мекемелер барлығы дайын деп сендірген министр Цойдың айтуынша, елдегі алғашқы вакцина «Спутник-V» болады. Сонымен қатар, клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде сыналып жатқан қазақстандық QazCovid-in вакцинасы да қолданылмақ. Ол 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге салына бастаған.
ДенМин жыл аяғына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Яғни екпе бірінші кезекте инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөлмесінде істейтін қызметкерлерге салынбақ. Ал сәуірден бастап жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындары, медициналық қызмет көрсететін мекеме мамандарына вакцина егіледі.
Тамызда қазақстандық «СК-Фармация» сынақтың соңғы үшінші кезеңінен толық өтпеген Ресейдің тіке инвестиция қорымен коронавирус вакцинасын алу туралы келісімге қол қойған. Сол кезде Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин сөзінде екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті.
Бірақ кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын. Сонымен қатар Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Бірақ Ресей тарапы бұл ақпарды жоққа шығарды.