Иран демалыс күндері Үнді мұхитында кемеге қарсы баллистикалық зымыран сынақтарын өткізді. Теһранның бұл қадамы АҚШ-пен иеленісті күшейтуі мүмкін деп болжануда.
Зымыран сынақтарын Иран Революция шақшыларына қарасты Әскери-теңіз күштері 16 қаңтар, сенбі күні Үнді мұхитында өткізген. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарналары хабарлады. Кемеге қарсы баллистикалық зымырндар 1800 шақырым қашықтықтағы «жау кемесіне» дәл соққы берген. Бірақ, хабарларда Иранның баллистикалық зымыраны туралы толық мәлімет берілмеген.
Ал, жұма күні басталған әскери оқу-жаттығу кезінде Революция сақшылар корпусына тиесілі әуе күштері жасанды «жау базасына» бағыттап екі баллистикалық зымыран және дрондар ұшырған болатын. Иран мемлекеттік арналары таратқан суреттерден Иранның отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының нысанаға тиіп жарылғанын көруге болады.
Соңғы бірер аптада Иран теңіз және әуедегі әскери оқу-жаттығуларын күшейте түсті. Өткен бейсенбіде Иран теңіз күштері Оман шығанағында өткізген жаттығу кезінде қанатты зымырандарды ұшырған. АҚШ-тың ядролық сүңгуір кемесі Оман шығанағындағы жаттығуды бақылауға алғаны туралы мәліметтер бар. АҚШ әскери-теңіз күштері өткен айда «Джорджия» ядролық сүңгуір кемесін Парсы шығанағына жіберетінін мәлімдеген болатын.
АҚШ-тың Иран шектескен шығанаққа ядролық кемесін жіберуі, сондай-ақ, аталған аймаққа B-52 бомбалаушы ұшақтарын, USS Nimitz ұшақ тасымалдаушы кемелерін жіберуі, оған қарата Иранның оңтүстік кореялық мұнай тасымал кемесін ұстауы, ядролық қару жасауға дайын уран өндіруі, әскери оқу-жаттығуларын күшейтуі екі ел арасындағы онсызда қызып тұрған қайшылықты өршітеді деп күтілуде.