Солтүстік Кореяның лидері Ким Жоң Унның (Kim Jong Un) туған күніне орай Пиоңяң (Пхеньян) жаңа, заманауи озық қаруларды жасауға әрекет етіп жатқандарын хабарлады. Мәлімдемеде айтылуынша, Солтүстік Корея жоғары дәлдіктегі баллистикалық зымыран, барлаушы спутинк, ядролық қару тиелген кемелер және алыстан меңгерілетін ұшақтарды дамытып жатқаны айтылған.
Сарапшылардың айтуынша, КХДР лидері жайдан-жай озық қарулар туралы мәлімдеме жасап жатқан жоқ. Ол бір аптадан кейін АҚШ президенті ретінде қызметке кіріскелі жатқан Жозеф Байденге қарата ескерту жасауда. Былайша айтқанда, Ким Жоң Унның айтқысы келгені: Ақ үйдің жаңа әкімшілігі Солтүстік Кореямен мәмілеге келмесе, Пиоңяң әскери қуатын Уашингтон мен Сеул ойлап көрмеген деңгейге дейін көтеретінін ескертіп отыр.
Тәуелсіз сарапшылардың болжауынша, Солтүстік Корея лидері бұл мәлімдеме арқылы Байден үкіметін диалогқа шақырып жатыр деп ұғуға да болады. Себебі, АҚШ президенті Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унмен үш рет кездескенімен тараптар арасында келісім жүзеге аспады. Ал, Құрама Штаттардың экономикалық санкциясындағы Солтүстік Кореяның экономикасы терең дағдарысқа батты. Ким Жоң Ун өзінің ядролық қаруына ие әскери қуатын келісімге сәтті айырбастағысы келеді.
Байден үкіметінде лауазымға ие болуы мүмкін саясаткерлердің бұған дейінгі Солтүстік Кореяға қаратқан ұстанымдарына талдау жасай отырып, Байден билігі Солтүстік Кореямен келісім жасау мүмкіндігі бар деп болжайды BBC арнаулы хабарында. Демек, диалогтар қайта жанданып жатса, Солтүстік Корея бір ғана ядролық қару ғана емес, заманауи қаруларды да келіссөз үстеліне қойып, өз салмағын арттырғысы келеді.