Биыл 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихаттар сайлауын бақылайтын кейбір бақылаушылардан «коронавирус» табылғаны хабарланды. Алматылық белсенді негізсіз себеппен шеттетілгенін, ал Атырау облысының тұрғыны «тапсырмаған» тестіден коронавирус анықталғанын айтады. Бұл ОСК қаулысынан кейін азаматтық қоғамның әрекет ету ареалы бақылау институтына қатысушылар қатарын сиретіп қана қоймай, енді «сайлау учаскесіне жолатпаудың» жаңа операциясы емес пе?
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы редакция сұрағына берген жауабындағы дерекке қарағанда, 8 қаңтар сағат 10.00-дегі жағдай бойынша, қаладағы сайлау процесіне қатысатын 11 700 адамның 10 503-і (89,7%) ПТР тестін тапсырған. Аймақтық сайлау комиссиясы құрамындағы 4665 мүше мен резервтегі мамандардың 4802-сінен, тағы партиялардың 1557 сенімді өкілінің 1347-сінен сынама алынған.
Сайлауда маңызды рөл атқаратын, ОСК қабылдаған қаулының кесірінен қатары кеміп, көптеген кедергіге ұшырап жатқан байқаушылардың басым бөлігі тестіленген. 5458 байқаушының 4354-і, яғни 79,7%-ы ПТР тапсырған.
10,5 мыңнан астам адамның 21-інен коронавирус анықталған көрінеді. Оның 7-еуі сайлау комиссиясынан, 9-ы байқаушылардан және біреуі сенімді өкіл. Қаңтар айы басталғалы бері «сары» аймақта тұрған Алматы қаласында 800-ден астам адамнан коронавирус анықталды. Және бұл аймақтардың арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Алматылық белсенді Самал Күзембаева Азаттыққа айтқан сөзінде «коронавирус жұқтырғандардың бірімен байланыс орнатқаны үшін» бақылаудан шеттетілгенін айтады.
Оның сөзінше, дәрігерлер контактіде болды деген адамның қасында болмаған, мүлдем танымайды.
«7 қаңтарда жолдасыма ауылдық ауруханадан (Алматы қаласы маңындағы ауылдардың бірі) хабарласып, Өтеген батыр кентінен бізге ақпарат келді деді. Айтуларынша, мен Жәпек батыр деген ауылдың мүлде танымайтын адамымен (аты-жөнін айтады) әкімдікте кезекте тұрған кезде «контактіде» болыппын. Сондай куәлік берген адам 6 қаңтарда карантинге жіберілген екен. Мен осыған дейін ауылдық әкімдікке барғанмын. Бірақ менің жанымда ешкім болған емес», – дейді азаматтық белсенді Күзембаева.
Бұдан өзге Азаттық сайлауды бақылауға ынталы белсендінің ПТР тестін тапсырмаса да Атырау облысының аудандық СЭС-тен «оң қортындымен вирус анықталғаны» туралы хабар алғанын жазады. Отбасына қысым жасалуы ықтимал деген алаңдаушылықпен аты-жөнін атамаған ерікті бақылаушы
«Бұрын «ерікті бақылаушымыз» деп тілдей бір қағаз бен куәлікпен кіре беруші едік. Қазір оны қиындатып жіберді. Тіпті «шрифті 14 болу керек» деген сияқты сылтаулар айтып, фото-видеоге шектеу қойып жатыр. Сайлаудың шынайы болмайтыны бақыламай-ақ белгілі болып жатыр», - дейді Атырау облысының тұрғыны Азаттық радиосына.
2019 жылғы президент сайлауында фальсификация фактілері туралы фото-видео материалдар интернетте кеңінен тараған соң ОСК өткен айда үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушылардың «қызметін шектейтін» қаулы қабылдаған. Бұл азаматтық қоғам, белсенділер мен құқық қорғаушылардың сынына ұшырады. Олар жоғарғы сот пен бас прокуратурадан қаулының күшін жоюды сұраған. Биліктің «тәуелсіз тармағы» саналатын жоғарғы сот қаулыға байланысты түскен 32 шағымды «техникалық талапқа сай болмауы себепті» кері қайтарған. Ал сайлау науқаны таяп қалды...
Осы жексенбіде өтетін саяси оқиғаға «Nur Otan», «Ақжол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» қатысады. ОСК мәліметінше, бес партия мәжіліс сайлауына – 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам), мәслихатқа 832 кандидат ұсынған. Сайлау ОСК ұйымдастыруымен 232 аймақтық сайлау комиссия өкілдік ететін 10 мыңнан астам сайлау учаскесінде өтеді.