Әлем бойынша өлім жазасына кесілгендердің саны азайды - деп жазады bbc.com сайты Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымына сілтеме жасап.
2015 жылы әлем бойынша 1634 адамға өлі жазасы қолданылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 1032 адамға азайған. Бірақ бұл көрсеткіштерге Қытай елі кірмеген. Өйткені Қытайдағы өлім жазасына кесілген адамдар саны қанша екенін білу мүмкін болмаған.
Өлім жазасы көп қолданылатын елдердің көшін Қытай, Иран (567 адам), Сауд Арабиясы (154 адам), Ирак (88 адам), Пәкістан (87 адам) бастап тұр.
Ал Орталық Азия мен Еуропада Қазақстан мен Белоруссияда ғана өлім жазасына рұқсат етілген. Бірақ Қазақстанда қазір өлім жазасын өмірлік бас бостандығынан айыруға алмастырған. Белоруссияда соңғы рет өлім жазасы 2016 жылдың сәуір айында жасалған.
Қазіргі уақытта 104 елде өлім жазасы алынып тасталған. Ал 1997 жылы 64 ел ғана өлім жазасынан бас тартқан болатын.
“The Qazaq Times”