Қазақстанда 10 желтоқсан 836 адам коронавирусқа, 9 желтоқсан 137 адам коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталған. Қазір елде 25 709 адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 818, U07.2 немесе КВИ- бойынша 11 891) ауырып жатыр. 

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – ШҚО (129), астана (118), Павлодар (90), Алматы қаласы (75), Қостанай және СҚО (әрқайсы 72-ден), СҚО (72), СҚО (68) облыстарында. Өткен тәулікте 841 адам ауруынан айғып шыққандар қатарында үйіне жіберілген, сондай-ақ 9 адам өмірден өткен.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 13 818 науқастың 3862-сі ауруханада. Тағы 9956 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 999 бала емделіп жатыр. Қарашаның соңғы декадасынан бері ауырып жатқан балалар күрт көбейді. 1 қыркүйектен бері ауырған кемінде 2539 оқушыға коронавирус  диагнозы қойылған.

Ахуалы нашар 237 науқастың арасында 32 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 43 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

#U07.2  Алдыңғы күні, яғни желтоқсанның 9-ы коронавирус пневмониясына жататын 137 жағдай және 4 өлім тіркелген. Оған қоса, сәрсенбі күні 4 науқас көз жұмса, 65 адам емделіп шыққан.

Астана мен Павлодар облысы «қызыл аймақта» тұр. СҚО, ШҚО, Қостанай, Ақмола, Атырау облыстары мен Алматы қаласындағы эпидемия ахуалы «сары аймақта». Басқа өңірлер жасыл аймақта.

9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңі туралы жаңа болжамын бөліскен. Оның айтуынша, екінші толқынның шарықтау кезеңі 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 140 мыңға жуықтап, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 43,5 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 180 мыңға, ал Ұлттық статистикада 183,5 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3292-сі (КВИ+ / U07.1 – 2121, КВИ- / U07.2 – 462, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

"The Qazaq Times"