2021 жылдан бастап Қытайдың шығысында әскери қимылдар жиілей түспек. Себебі, Қытайдың әскери қатерінен алаңдаған Батыс елдері, соның ішінде НАТО құрамындағы Британия, Франция қатарлы елдер Тынық мұхитының батыс жағалауында әскери белсенділік танытпақ.

Өткен аптада НАТО Қытайды өзіне төнген қауіп ретінде атағаннан бері, ұйым мүшелері Қытайдың артып келе жатқан әскери қатеріне қарсы шарларын қабылдай бастады. Әрине, Қытайдың шығысындағы әскери шараларға өңірден Жапония мен Аустралия, оларға қоса АҚШ та қолдау көрсетеді.

Бірер күн бұрын Sankei Shimbun атты жапондық басылымы Жапония, Франция және АҚШ арасындағы алғаш рет бірлескен әскери жаттығу өткізілетінін жазды. Басылымның мәліметінше, әскери жаттығу 2021 жылдың мамыр айына жоспарланған екен.  Sankei Shimbun басылымы бұл жаттығудың мақсаты Қытайдың әскери ықпалына қарсы тұру екенін ашық жазған.

Ал, кеше Жапонияның Kyodo News агенттігі Британның HMS Queen Elizabeth R08 атты ұшақ тасымалдаушы алып кемесі өзінің кемелер қосынымен бірге жаңа жылдан кейін Тынық мұхиттың батыс жағалауына орналасатынын хабарлады.  Британияның қуатты теңіз қосындарының бірі саналатын бұл кеме қосыны Азияның шығыс аймағында Жапония мен АҚШ-тың теңіз күштерімен ынтымақтастық орнатпақ.

Британның HMS Queen Elizabeth R08 атты ұшақ тасымалдаушы алып кемесі

Қытайдың Шығыс Қытай теңізінде Жапониямен территориялық таласы, Оңтүстік Қытай теңізінде осы теңізге шектесетін барлық елдермен таласты даулары бар. Соңғы жылдары Қытай өзінің қарқынды дамыған экономикалық, қорғаныс мүмкіндіктеріне сүйеніп, теңізіндегі егемендік құқық мәселесінде өзге көршілестеріне есе бермей келе жатқаны белгілі. Батыс елдері Қытайдың бұл әрекеттерін бағалай отырып, болашақта өздерінің және тұтас әлемдік тұрақтылыққа жаңа қатердің өсіп шыққанын білді.

Батыс елдерінің Қытай шығысына қуатты теңіз қосындарын аттандырып жатуы болашақтағы көптеген мәселелерден хабар бергендей. Бұл ең әуелі Тынық мұхит, Қытайға жақын теңіз жағалауларында қақтығыс қатерінің арта түскенін білдіреді. Бұған қоса бір кездері армия жасақтауына шектеу қойылғна Жапонияның осы орайда күш алып, қуатты қорғаныс күшіне ие болуға мүмкіндік алғанын білдіреді. Ағылшын мемлекеті қалайда ескі дәуірден теңіз үсті державасы саналып келеді. Жапонияның теңіз державасымен одақтасуға мүмкіндік алуы әлемде болмаса да Тынық мұхитында жаңа ережелер орнатылуы мүмкін дегенді көрсеткендей.

“The Qazaq Times”