Бұдан 6 ай бұрын, 22 мамырда Америка Құрама Штаттары «Ашық аспан шартынан» шығатынын ресми мәлімдеген. Келісім ережесіне сай 6 ай уақыт өтіп, 22 қараша да АҚШ бұл келісімнен сырт қалды. Бұл державалар арасында қару-жарақ бәсекесіне тосқауыл қойып тұрған халықаралық жүйенің жойылғанын аңғартады.
Соңғы уақыттарда Уашингтон Мәскеуді «Ашық аспан шартын» қатарынан бірнеше рет бұзды деп айыптап келген еді. Әсіресе, АҚШ президенті Дональд Трамп билікке келгеннен бері бұл келісімді ашық түрде сынап, аталған келісім Құрама Штаттардың әскери қабілеттілігін шектеп, оның қарсыластарын күшейтті деп көрсеткен.
Кеше, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесі келісімнен шыққаны туралы растады. Сол күні Ресей СІМ-і АҚШ-тың бұл қадамын айыптады. «Уашингтон осындай қадамға барды, бірақ одан Еуропаның, АҚШ пен оның одақтастарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейді. Батыс Ресей қандай әрекет теді деп қарап отырған болуы мүмкін, жауап өте қарапайым – Ресей барлық нұсқаға ашық қарайтынын бұған дейін де ескертекміз», – деген мәлімдемеде.
34 мемлекет қол қойған «Ашық аспан шарты» 1992 жылы жасалып, 2002 жылы атқарыла бастаған. Келісім қол қойған елдер өз ара әскери күштері мен олардың әрекетін бақылау мақсатында барлау ұшақтарын бір-бірінің территориясына жіберуге мүмкіндік беріп келген. 2002 жылдан бері келісімге қол қойған елдер 1500 реттен астам барлау ұшақтарын бір-бірінің территориясына жіберді. Шартты түзушілер мен оны қолдаушылар бұндай барлау әрекеттері қарсыластардың әскери шабуылдарға дайындалып жатпағанына көз жеткізуге, сол арқылы сенімділік орнатуға мүмкіндік береді деп келген.
Мамырдағы Помпеоның мәлімдемесінде Ресейдің «Ашық аспан шартын» бұзғаны туралы айтылған. АҚШ мем.хатшысы Ресейді Грузия шекарасы мен Ресейдің оңтүстік шекара аудандарына бағытталған рейстерге, сондай-ақ, Ресейдің Калининград анклавындағы операцияларға шектеу қойды деп айыптады.
Сүйтсе де, АҚШ-тың аталған халықаралық келісімнен біржақты шығып кетуі орынсыз деп санайтын сарапшылар бар. Қару-жарақты бақылаушы сарапшылардың сөзінше, АҚШ-тың кейбір талаптары орынды, Ресейдің келісімге сай емес белгілемелер орнатқаны да рас, алайда Құрама Штаттың келісімнен бас тартуы шартқа мүше болған өзге елдер үшін ыңғайсыздық туғызған. Оның үстіне НАТО-дағы сенімді одақтастары мүше болған бұл келісімнен шығып кету арқылы Құрама Штаттар маңызды әскери барлау информацияларының көзінен айырылған.
Трамп әкімшілігі осымен бірнеше маңызды халықаралық келісімдерден шығып кетті. Соның ең елеулісі 1987 жылы жасалған қысқа және орташа қашықтыққа ұшатын зымырандарды шектеу туралы шарт. Онда да Уашингтон Мәскеуді келісімді бұзып, жасырын түрде зымырандарды дамытты деп айыптаған. Бұған қоса Ресеймен жасасқан бұл келісімге Қытайдың да қосылуын талап еткен. Бейжің қалыс қалып, нәтижесінде Уашингтон бұл келісімді «түкке жарамсыз» деп тапқан.
Осылайша, екі реткі жаһан соғысы және «Қырғыи қабақ соғысынан» алған сабақ пен «тәубе-тәупих» іспетті келісімдер бірінен соң бірі жарамсыз болып жатыр. Жаһандық геосаясатта жазылмаған мынадай бір шөре бар: Егер бір пренцип бұзылса, екіншісі жарамсыз. Бұлай жалғаса берсе қазіргі жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа сәл де болсын қорған болып тұрған келісімдердің бәрі құрғақ қағазға айталып, соңында әлем халқы жаңа қақтығыстардың қаупінде қалмақ.