АҚШ-та өткен президент сайлауында басым түскен демократиялық партия өкілі Джозеф Байденді президент ретінде мойындамаған саналуы президенттер бар. Солардың бірі – Ресей президенті Владимир Путин.
Жергілікті телеарналардың бірінде Путин: «Біз америкалықтардың сеніміне ие болатын кез келген адаммен жұмыс істейміз. Бірақ бұл сенім кімге берілді, әлі де белгісіз қалып тұр. Тараптардың бірі екіншісінің жеңісін мойындаған кезде немесе сайлаудың түпкілікті нәтижелері заңды түрде жарияланған кезде ғана белгілі болады. Бұл жерде біз үшін ешқандай мәселе жоқ. Бастысы, кез келген дүниеенің заңды түрде болуы», – деп мәлімдеді.
Америкада өткен биылғы сайлауды 2016 жылғы оқиғалармен салыстырған Путин: «Айырмашылық айқын. Көріп отырғаныңыздай, қазіргі президент жариялаған белгілі бір заңды рәсімдер болуы тиіс. Сондықтан біз ресми хабарландыруды күту дұрыс деп санаймыз», – деді.
13 қарашада Қытай ұзақ үнсіздіктен кейін Джо Байденге құттықтау хатын жолдады. Ал Владимир Путин Байденді әзірге жеңімпаз деп танудан бас тартты.
2016 жылы АҚШ президенті болып Дональд Трамп сайланғаннан кейін Владимир Путин кандидатты құттықтаған алғашқы көшбасшылардың бірі болды.
9 қарашада Путиннің өкілі Дмитрий Песков құттықтаулар сайлау қорытындылары ресми жарияланғаннан кейін жолданатынын айтқан.
АҚШ-та президент сайлауы 3 қарашада өтті. Трамптың қарсыласы демократ Джозеф Байден 270-тен астам дауыс жинап, сайлаудағы жеңісін жариялады. Республикалық партия өкілдері мен Трамп Байденнің жеңгенін мойындамады және сайлаушылардың дауыстарын санауға қатысты соттарға жүгінуге ниет білдірді. Себебі олар «сайлауда заң бұзушылықтар болды және Байденнің жеңіске жетуі үшін сыртқы факторлар ықпал етті», – деп санайды. Кейіннен Дональд Трамптың командасы демократтар басым болған жерлерде берілген сайлауды немесе бюллетеньдердің бір бөлігін жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінген.
Кей сарапшылар Путиннің Байденді құттықтамауының «саяси астары бар» деп санайды. Себебі демократ Джо Байден президент болған жағдайда, Қытаймен тығыз байланыс орнатып, Ресейді санкция қыспағына алуы мүмкін. Ал республикалық партия өкілі Дональд Трамп биліктегі 4 жыл ішінде бірнеше мәрте Қытайға қарсы санкциялар енгізген.