АҚШ конгресінің өкілдер палатасы ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануына байланысты резолюция қабылдап, Уашингтонды Ресейге санкция салуға шақырды.
20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан жолда ұшақта саясаткердің жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбыға қонған болатын. Бастапқыда Навальный Омбы ауруханасына жатқызылды. Екі күннен соң туыстары мен жақтастарының талабымен Берлин клиникасына ауыстырылды.
2 қыркүйекте Германия үкімінің ресми өкілі Штеффен Зайберт зертхана мамандарының қорытындысына сүйене отырып, Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына жататын у қалдықтары табылды деп мәлімдеген. Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден оқиғаны түсіндіруді талап етті. Франция мен Швецияның тәуелсіз зертханалары да бундесвер зертханасының қорытындысын растап, Навальныйдың "Новичок" тобына жататын удан уланғанын айтты. Ал Мәскеу оқиғаға қатысы жоғын айтады.
Уланғаннан кейін бір айдан астам уақыт ауруханада комада жатып, кейіннен есін жиған Навальный клиникадан шыққаннан кейін берген сұхбатында «у беру ісіне» президент Владимир Путиннің қатысы барына сенімді екенін жеткізген.
15 қазанда Еуроодақ пен Ұлыбритания Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге санкция салған. Санкция салынған алты шенеунік арасында ФСБ директоры Александр Бортников, президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Кириенко, Сібір федералдық округы президентінің уәкілетті өкілі Сергей Меняйло бар.