Иранның коронавирус таралуы бойынша «қызыл» аймағына енген бірқатар қалаларында 21 қарашадан бастап қала ішінде жүруге тыйым салынды. Бұл туралы Fars агенттігі хабарлады.
Заң бойынша тыйым екі апта бойы күн сайын 21:00-ден 04: 00-ге дейін күшінде болады. Сонымен қатар, барлық жеке және мемлекеттік мекемелердің жұмысын шектеуді көздейтін карантин енгізіліп жатыр.
Барлығы 150-ге жуық қалада, оның ішінде Теһранда екі аптаға қатаң шектеулер енгізілді.
Иран президенті Хасан Рухани сенбіде ел билігі пандемияның соңына дейін күшінде болатын арнайы шектеулер жүйесін енгізеді деп мәлімдеген. Өз кезегінде коронавируспен күрес жөніндегі ұлттық штаб өкілі Алиреза Раиси шектеулер белгілі бір аймаққа тағайындалған сырқаттану деңгейіне сәйкес анықталатынын атап өтті. Барлығы үш деңгей бар: қызыл, қызғылт сары және сары.
Енді 18 қарашадан бастап жолаушыларды тасымалдау тек коронавирустық тестілеудің теріс нәтижесі болған жағдайда ғана рұқсат етілмек.
Соңғы айларда Иранда инфекция жұқтырғандар саны көбейе бастады. Билік мұны «коронавирустың үшінші толқыны» деп атаған. 16 қарашадағы жағдай бойынша вирус жұқтырғандардың жалпы саны 775 121 адамға жетті, 564 699 адам сауыққан. Ал қайтыс болғандар саны – 41 989 адам.