Еуропалық одақ Қырымды Ресей жері деп мойындамайды. Бұл туралы Брюссельде өткен ЕО және Украина саммитінің қорытынды мәлімдемесінде айтылған.
Құжатта: «Біз Қырымды Ресей жері деп мойындаудан түбегейлі бас тартамыз. Осы тұрғыда біз Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын халықаралық деңгейде мойындалған шекаралар шегінде қалпына келтіру мақсатында бірлесе әрекет етеміз. Қырым түбегінде және Ресейде заңсыз ұсталған және түрмеге жабылған барлық украин азаматтарын босатуды талап етеміз. Сонымен қатар Мәскеуді Азов теңізіне қатысты мәселеде халықаралық құқыққа қайшы әрекет етпеуге шақырамыз», – делінген.
2014 жылғы ақпанда Украинадағы төңкерістен кейін Қырым мен Севастополь билігі Ресеймен қайта қосылу туралы референдум өткізді. Оған дауыс беру құқығына ие болғандардың 80%-дан астамы қатысты. 2014 жылдың 18 наурызында Ресей президенті Владимир Путин Қырым Республикасы мен Севастопольді Ресей құрамына қабылдау туралы келісімге қол қойып, 21 наурызда құжатты Федералды Жиналыс ратификациялады. Сол жылы Қырым аннексияланды.
Украинадағы «қолдан жасалған саясаттан» кейін Еуропалық одақ пен Америка Қырымды Ресей жері деп мойындаудан бас тартып, Мәскеуге экономикалық санкциялар енгізді. ЕО санкциялық саясаты үш тәуелсіз жолды қамтиды: Ресей азаматтарына қарсы визалық шектеулер; Ресейдің мұнай, қорғаныс және қаржы салаларының бірқатар мемлекеттік компанияларына қарсы экономикалық салалық санкциялар, сондай-ақ Қырымға қарсы ұйымдастырылған қақтығыстарды шектеу шаралары. Алғашқы екі санкциялық блок алты айда бір рет, ал Қырымға қарсы тыйым салу шаралары жылына бір рет ұзартылады.
Қырымға қатысты санкцияларға ЕО-ға кез келген Қырым тауарларын импорттауға тыйым салу, осы аумақтағы еуропалық инвестициялар мен жылжымайтын мүлік сатып алу, бизнесті қаржыландыруға тыйым салу кіреді. Еуропалық кемелерге Қырым порттарына кіруге, ал ұшақтарға төтенше жағдайларды қоспағанда, Қырым әуежайларына қонуға тыйым салынған.
Қырымда көлік, телекоммуникация, энергетика, мұнай өндіру және мұнай өңдеу, табиғи ресурстарды өндіру саласындағы тауарлар мен технологияларды экспорттауға тыйым салынады, сонымен қатар осы салаларда жұмыс істейтін компанияларға кез келген техникалық қызмет көрсету шектеледі.