Қазақстандағы саяси шерулер мен митингтерде босатылуы талап етілетін, құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» санайтын белсенді Макс Боқаев басқа түрмеге жіберілді. 134 күннен кейін жазасы аяқталатын Боқаев азаматтық қоғамға «мойымайтын, қайыспас азамат» ретінде таныс тұлға.
Қазақ халқының «мүлгіген» санасын сілкінткен Жер дауы кезінде Махамбет пен Исатай ескерткіштерінің түбінде ұлт мүддесін ұрандатқаны үшін бес жылға сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев басқа абақтыға ауыстырылды. Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінде отырған оны 28 қыркүйек күні Атырауға этаппен жеткізген. Бұл жөнінде Азаттыққа хабарлаған белсенді Талғат Аянның айтуынша, «Боқаевты таңертең арнайы вагонмен Мақат стансасына жеткізген. Кейін Маңғышлақ - Атырау жолаушылар поезына салып жіберген».
«Онымен сөйлесуге мүмкіндік болмады. Тек алыстан «Макс, қал қалай?» деп амандастық. Енді ол екі апта карантинде болады. Атыраудағы УГ-157/9 түрмесінде болады, – дейді Талғат Аян Азаттық радиосына берген комментарийінде.
Аянмен бірге Макс Боқаевты қарсы алуға құқық қорғаушылар Әсел Нұрғазиева мен Дарья Олжағалиева барды.
46 жастағы Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылы Жер митингісінен соң «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған еді. Абақтыға қамалған белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аянға қазақ қаламгерлері мен азаматтық қоғам өкілдері сырттай «Халық батыры» қоғамдық сыйлығын берген. Азаттық дерегінше, 2021 жылдың 21 ақпанында Боқаевтың абақтыдағы жаза мерзімі аяқталуы тиіс.
Ал 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырып, былтыр шілдеде оны жазадан толық босатты. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Макс Боқаевты «саяси тұтқындар» тізіміне қосады. Алайда Ақорда мен Үкімет елде саяси тұтқындардың жоқ екенін алға тартады.