Жапонияның жаңадан тағайындалған бас уәзірі (премьер-министрі) Иошихиде Суга (Yoshihide Suga) ертең, яғни 25 қыркүйек күні Қытай басшысымен алғаш рет телефон арқылы сөйлеспек. Жапониялық Kyodo News хабарына қарағанда Иошихиде Қытай басшысымен сөйлесу барысында Ши Жинпиңның Жапония сапарының соңғы үйлестіру жұмыстарын ақылдасады.
Орыс тіліндегі дыбысталуына ілесіп «Ёсихидэ» аталып жүрген бұл жаңа премьер нағыз еңбекқор жапонның символы ретінде танылған сақа саясаткер. Оның Қытай басшысымен телефон диалогында не айтылуы мүмкін дегенге «бал ашқан» жапон үкіметінің лауазымды тұлғалары Kyodo News-қа бірқатар мәліметтерді бөлісен. Соған қарағанда, алғашқы диалог барысында Иошихиде мен Ши екі ел қарым-қатынасын одан сайын кеңейтуды сөз етуі мүмкін. Бұған қоса, Қытай басшысының кешіктіріле берген Жапония сапарының үйлестіру жұмыстарын соңғы мәрте пысықтайды.
Қытай басшысының Жапония сапары сәуір айына жоспарланған еді. Жаңа коронавирус пандемиясы себебінен кейінге шегерілген еді. Ол кезде Иошихиде премьердің баспасөз өкілі ретінде Қытай басышысының Жапония сапары екі елдің ортақ келісіп белгілеген мерзімде болатынын мәлімдеген еді. Анығында, жапон мен қытай басшылары соңғы екі жарым жыл ішінде тікелей телефонмен сөйлеспеген. Соңғы рет Шиндзо Абе мен Ши Жинпиң 2018 жылы сәуірде телефонда сұхбаттасып еді.
Жапон ақпарат құралдарында дәл осы Қытай басшысымен телефонда болатын сөздер көбірек талқыланып жатыр. Кейбір басылымдарда Иошихиженің мойнында АҚШ пен Қытай қайшылығы тұсында АҚШ-Жапон-Қытай қатынасының тепе-теңдігін сақтау міндеті тұрғанын жазсса, кейбір басылымдар алғашқы қоңырауда премьер-министрдің жылы сөз, артық уәдеден аулақ болуы керек десуде.
Жапон мен Қытай арасында ескілі-жаңалы қайшылық көп. Соның бірі – Шығыс қытай теңізіндегі таласты аралдар мәселесі. Ертеңгі телефон сұхбаты кезінде осы Сенку аралы (Қытайда «Дяоүйдао» деп аталады) мәселесімен бірге Гонконг тақырыбы да сөз етілуі мүмкні деген болжамдар да бар. Әрине, Қытай басшысының сапарының алдында тараптар нәзік тақырыптарды алдын ала сөз етіп бет жылтып алғаны да керек-ті.
Иошихиде Суга өткен аптада ғана Жапонияның бас уәзірі болып қызметіне кірісті, содан бері әлем елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, қарым-қатынасты пысықтап келеді. АҚШ президенті Трамппен 20 қыркүйек күні телефон арқылы сөйлескен болатын.