Өткен ғасырда адамзат тарихындағы үлкен ойранның бірі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, әлем елдері жаһанның жаңа бағытын іздеп Біріккен Ұлттар Ұйымын құрған еді. Бірақ, кейін де әлем ядролық соғыс қаупінің астында өмір сүріп келді және АҚШ пен Кеңес одағы арасындағы «Қырғи-қабақ соғысты» тоқтатуға халықаралық ұйымдар дәрменсіздік танытты. Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да, БҰҰ-ның құрылғанына да 75 жыл толды. Дәл осы тұста БҰҰ-ның негізгі пренциптері қауіпке тап болды. Әлем тағы бір «Қырғи-қабақ соғысқа» тап болуы алдында тұрғандай.

БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті отырысында халықаралық қауымдастық тап болған қиыншылықтар анық көріне бастады деуге болады. Әсіресе, АҚШ пен Қытай арасындағы қайшылық БҰҰ үшін үлкен сын болары белгілі. Ұйымның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мүн айтып өткендей халықаралық қатынастарда көп жақтылық қауіпті сынға тап болып отыр. Оның үстіне, жаһандық көшбасшысы саналып келе жатқан Құрама Штаттардың соңғы кездердегі саясаты ұйымнан алыстай түскендей көрінеді. Президент Трамптың алға тартқан «Америка бірінші» саясаты көпвекторлықты шетке қаққандай болса, көптеген елдер қол қойған Париж келісімі мен 6 елмен Иран арасында қол қойылған ядролық келісімнен АҚШ-тың бір жақты шығып кетуі де халықаралық келісімдердегі Құрама Штаттардың орынын әлсіретті.

БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы. Фото: Sputnik International.

АҚШ-тың бұл қадамдарын Қытай өз пайдасына асыра алды. Қытай осы орайдан пайдалана отырып, өзін БҰҰ ұстанымдарын, құндылықтарын жақтаушы, келісімге адал және тұрақты саясат ұстанған ел ретінде көрсетуге тырысып отыр.

Әрине, қазіргі БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйымның маңыздылығын көбірек дәріптеді. Алайда, әлем халқы коронавирустан зардап шеккенде, оған қоса АҚШ пен Қытай теке-тіресінен әлем тұрақтылығына қауіп төніп жатқанда ұйымның рөлінің әлсірегені анық көрінгендей болды. Бас Ассамблеяның отырысында сөз алған әлем елдерінің лидерлері де бұл туралы айтпай қалған жоқ. Батыл пікір айтқан көшбасшының бірі француз лидері Эммануэль Макрон болды. Ол әлем АҚШ пен Қытай қайшылығының шылауына түсіп кетпеуі керек деген пікрін ортаға салды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш.

Соған қарамастан АҚШ президенті Дональд Трамп Бас Ассамблеяға арнаған видео мәлімдемесінде жаңа коронавирус індетін «Қытай вирусы» деп атады және оның барлық жауапкершілігі Бейжіңнің мойнында екенін алға тартты. Енді қырық күн шамасында АҚШ-та президент сайлауы өтпек. Кейбір сыншылар Қытайды сынға алу президент Трамптың алдағы сайлауалды тактикасы деп те көрсетіп жатыр.

Трамп және Ши Жинпиң. Фото: ABC.

Қытай басшысы болса видео жолдауында «Қытайдың ешбір елмен қарулы-қарусыз қақтығысқа бару ниеті жоқ» екенін білдірді. Оның бұл мәлімдемесінің өзі де Трамптың саясатына деген сынның жатқаны байқалады. Осыларға қарай отырып Бас Ассамблеяның кезекті жиынын «шығармашылық бәйгесі» деп сынаған дипломаттар да бар. Бұдан бұрын әлем елдерінің лидерлері арасында қайшылықты келіссөздерде пікір алмасып, түсінбестіктерді ортақ талқылау арқылы шешу сынды оңды әрі нәтижелі жосынға үйрене бастаған еді. Сыншылардың пікірінше, қазіргі лидерлерде ортақ түсіністікке жетуден көрі жеке мүдделері мен аброй беделдерін қорғап «жатып алу» белең алып келе жатқанын қынжыла айтады.

АҚШ-Қытай қайшылығы бұл күнде халықаралық қатынастарда ашық белгілі болған. Гутерриш те өз мәлімдемесінде екі елдің теке-тіресі «Жаңа Қырғи-қабақ соғысқа» алып келуінен алаңдайтынын білдірді. «Біз тым қауіпті бағытқа бара жатырмыз, – деді Гутерриш сөзінде: Әлемнің алдынғы екі экономикасы Жер шарын екіге бөліп, әр тарап өзінің сауда, қаржылық және жаңа технология мен жасанды интелект мүмкіндіктері арқылы планетамызға үлкен жара салуына жол бермеуіміз керек», – деді.

Осы арада мына бір мәселені де айта кеткен жөн. Жаһандық індет елімізге келгенде үкіметегі болып, халықтағы болып тұтас елдің бойында көп жыл қордаланып, тамырын тереңге тартып алған шырмауық шатақ кемшіліктеріміз сорпа бетіне шыққан көбіктей көріне кетті. Дәл, осыған ұқсас жағдай тұтас дүниежүзінде де көрінді десе болады. «Мені» әлсіз азаматтарымыз «тәу тұтқан», «идеал», «күн батпас» мемлекеттердің де жағдайы белгілі болды. Бұған қоса ол халықаралық қатынастардың қаншалық дәрежеде былғама-топай халге жеткенін де көрсетті.

Былай қарағанда әлемді әптер-тәптер қылғысы келетін саясаткерді немесе лидерді көрмейсіз. Бірақ, ірі елдер арасындағы қайшылық қашанда адамзат тағдырын қатерге алып келіп жатады. Бұның өзі қазіргі жаһан жағдайның айтақалсын тез өзгеріп, саясаткерлердің оның өзгерістеріне ілесе алмай жатқанын көрсеткендей. Оның жанды бір мысалы – XXI ғасырға қадам тастап, адамзат өзімен қоса планетадағы барлық тіршіліктің қамын ойлайтындай санаға жетіп қалса да, әлі де адамдардың жеке еркіндігі мен бас бостандығын шектейтін жабайы тәсілдер арқылы ел билеп отырған ескі шекпенді диктаторлардың барлығы.

Әрине, қазіргі Қытай мен АҚШ қайшылығының табиғатынан алғанда бұл бір ғана экономика мен саудадағы қайшылық емес екенін көреміз. Бұл арада үкіметтердің билік форматтарының айырмашылығынан тартып, халықаралық тәртіпке деген кереғар көзқарастары, технология бәсекесі, сауда ережелері, кибер-қауіпсіздік, ғарыш бәсекесі, тағы басқа салалардағы тереңдей түскен қайшылықтар жатыр. Көптеген саясаттанушылардың пікрінше алдағы сайлауда Трамп жеңіліп, орнына Жоу Байден бастап демократтар келген күнде де АҚШ-Қытай қайшылығы жалғаса бермек. Сондықтан да, әлем елдері, оның ішінде Қазақстан да арнасы ауыса бастаған әлемнің жаңа жағдайына дайын болуы керек.

“The Qazaq Times”