Швейцарияның Федералдық билігі «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері жымқырған 390 млн теңгеден астам қаражатты Қазақстанға қайтарғаны мәлім болды.
Бұл қаражат 2012 жылдан бастап осы іске қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздестіруде болған Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі. 2019 жылы осы іс бойынша мемлекет кірісіне Швейцариядан 140 млн теңге қайтарылған болатын. Осылайша шетелден активтерді қайтару бойынша жұмыс шеңберінде түскен қаражаттың жалпы сомасы – 1,3 млн АҚШ доллар.
2011 жылы Қазақстанның сол кездегі экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігі Алматы облысындағы «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеті мен «Алатау» техникалық қызмет көрсету орталығын тексеріп, 100-ге жуық адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленгенін жариялаған. «Қорғас ісі» деректеріне қарағанда, сотталғандар Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген. Тауарларды Қазақстан және Қырғызстан базарларына жіберген.
«Қорғас» – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы негізгі кеден бекеттерінің бірі. Қазақстан, Қырғызстан және Ресейге Қытайдан жеткізілетін жүктің үлкен бөлігі осы бекет арқылы өтеді.