Мемлекеттік басты ресурс www.coronavirus2020.kz сайты не ДенМин сайтында (соңғы рет 10 шілде жарияланған – QT) ағылшын тілінде ақпарат болмауының себебінен пандемия кейстерінің статистикасын жүргізетін халықаралық ұйымдар қате дерек жариялап отыр. Мәселен, Worldometers және әлем халқы жүгінетін Джон Хопкинс университетінің есебінде Қазақстанда 106 984 кейс бары көрсетілген. Редакция тарапы аталған ұйымдарға хат жолдап, елдегі статистика екі бағытта жүретінін, негізінен жиынтық есебін жариялау қажеттігін ескертті.
Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей жұмыс істейтін ДДСҰ-ның базасында елде 136,5 мыңнан астам адам вирусқа шалдыққаны нақты берілген. Биыл қаңтар-тамыз айлары аралғында былтырға қарағанда 3,3 есеге күрт өсіп, 256 мың жағдайға артқан пневмония дерегінен коронавирус кейсін анықтауды қиынсынған Үкіметтің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 137 мыңнан астам (КВИ+ / U07.1 – 107 мыңдай, КВИ- / U07.2 – 30 мың) адам дертке шалдыққан.
Ресми ресурстарда тіпті коронавирус пен коронавирус пневмониясының жиынтық есебі де жоқ. Бір брифингте осы сауалды қозғаған журналиске ведомство өкілі Бағдат Қожахметов калькулятордың көмегімен есептеуге кеңес берген.
Қазақстанда коронавирус статистикасы қоғамда үлкен дау тудырған. Оған сенбейтін, күмәнмен қарайтын азаматтар мен сарапшылар көп.
17 шілде «Естуші мемлекет» құруды көздейтін президент Тоқаев Үкіметке пандемия статистикасын біріздендіруді тапсырған. Бірақ сарапшылардың көбі оның «Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр. Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс», – деген тапсырмасы әлі күнге дейін толық жүзеге аспағанын айтады. Қазақстан Үкіметі коронавирус пен коронавирус пневмониясы туралы жарияланатын деректер мен индикаторлардың балансын теңестірмеген. Шығу-өршу көзі бір, клиникасы ұқсас, тіпті көптеген ел бөлмей қарастыратын қазақстандық эпидемияның екі түрі бойынша берілетін ақпараттардың құрылымы әркелкі.