Апта басында Қазақстанда 65 адамнан COVID-19 инфекциясы, 8 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Дүйсенбі күні 7 адам қайтыс болған.  

Бір аптадан бері Шығыс Қазақстан облысы ковид таралуы бойынша 20 кейспен бірінші қатарда тұр. Атырау облысында 9, БҚО-да 7, СҚО-да 6, Қарағанды облысында 5 адамның вирус жұқтырған науқас анықталған.

Алматы, Түкістан және Ақмола аймақтарында 3 жағдайдан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстарында бірен-саран кейс тіркелген. Вирус қарқыны кейінгі күндері бәсеңдеген Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында ешбір жағдай тіркелмеген.

Қыркүйектің 14-і күнгі Үкімет дерегінше, 4 кісі коронавирустан қайтқан. Емделіп жатқан 4,4 мың адамның 2 362-сі ауруханаларда, ал 2 047 науқас амбулаторлық бақылауда. Сондай-ақ, жағдайы ауыр 124 науқас бар. Оның 20-сы тым ауыр хәлде жатыр. 20 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Өткен тәулікте коронавирус пневмониясына шалдыққан 3 адамның жағдайы оңалмай, өмірден өткен.  Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі аталған аурудың күнделікті кейстерін аймақтар бойынша жарияламайды. Әйтпесе бұған дейін аймақтық бөлінісін кемінде апта сайын ашық дереккөзде жариялауға бірнеше рет сөз берген. Коронавирус пневмониясына шалдыққандар туралы билік тұщымды ақпарат бермейді. Ешбір ресми ресурста коронавирус сияқты ауырғандардың саны, аймақтардағы үлесі, клиникалық жағдайы, жас құрамы туралы параметрлер мүлдем жарияланбайды.

1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар  29,6 мыңнан асса,  13 наурыздан бері билік мойындаған COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 107 мыңға жуықтаған.

ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 136,5 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептеп келеді.

Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2 582   (КВИ+ / U07.1 – 1 675, КВИ- / U07.2 – 331, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

"The Qazaq Times"