Соңғы кездері АҚШ пен Қытай Оңтүстік қытай теңізіндегі әскери әрекеттерде батыл бола түсті. Қытай Халықтық-азаттық армиясы аталған теңізде зымырандар ұшырып, әскери жаттығулар өткізді. Кейбір аймақта жаттығуға шынайы оқтарды да пайдаланды. Құрама Штат Қытайдың бұл әрекетіне бола кері шегінбейтінін аңғартып, әскери кемелердің навигациясы арқылы физикалық санкциямен жауап берді. Бір қарағанда Орталық Азиядан алыс жатқан бұл теңіз аймағы маңызды көрінбегенімен, алдағы уақыттағы халықаралық жаңа ережелер осы «ойын алаңында» жасалуы мүмкін. Сондықтанда АҚШ пен Қытайдың бұл теңіздегі әрекеттерін қадағалап отыруға тура келеді.

Оңтүстік Қытай теңізі маңызды стратегиялық аймақ. Фото: VOA

Оңтүстік Қытай теңізінің маңызын қысқаша айтар болсақ, қазіргідей қайшылық күйде Қытай мен АҚШ үшін бірдей стратегиялық маңызға ие. Әлемнің өндіріс базасы аталған Қытай үшін Оңтүстік қытай теңізі экономикасының күре тамыры,  өзінде өндірілген өнімдердің экспорты мен шикізаттың импорты Оңтүстік қытай теңізі арқылы кіріп-шығады. Оған қоса, аталған теңіз Вьетнам, Малайзия, Филиппин, Бруней, Тайвань қатарлы елдермен шектесіп жатқандықтан, Оңтүстік қытай теңізіне толық үстемдік жүргізу Қытай үшін Оңтүстік Шығыс Азияға, тіпті Батыс Тынық мұхитына ықпал ететін артықшылыққа ие болумен бірдей. АҚШ үшін Қытайдың Азия-Тынық мұхит аймағынан алқып шығып, жаһанға құлаш ұра бастаған ықпалына тосқауыл қоюда және Қытайдың ең әлсіз буынын ұстап тұруға Оңтүстік теңіздің (қытайлар осылай атайды) маңызы зор.

Батыл әскери әрекеттер нені білдіреді? Тараптардың соңғы кездегі батыл әскери әрекеттері бір жағынан қыр көрсетіп, қарсыласын қаймықтыру болса, енді бір жағынан АҚШ пен Қытайдың әскери-теңіз күштерін,  соғыс қуатын салыстырып көруі. Кемінде, АҚШ-тың әскери сарапшыларының көбі осындай пікірде. Америкалық басылымдардың жазуынша, жетілдірілген қару-жарақтар қолданылған әскери оқу-жаттығулар арқылы екі ел армиясы алыстан күш сынасып тұр.

Бұндай пікірдің де жөні бар. Себебі, Қытай өткен аптадағы әскери жаттығуда жетілдірілген екі зымыранды пайдаланды. Оның бірі «Ұшақ тасымалдаушы кемелердің жендеті» деген лақап аты бар Dongfeng 21 және кемеге қарсы алыс аралықтан атылатын Dongfeng 26 баллистикалық зымыраны. Пентагон өзінің барлаушыларына сілтей отырып, Қытай төрт зымыран ұшырды деп мәлімдеген еді, алайда Қытайдың әскери арналары жоғарыда аталған екі зымыран пайдаланылғанын айтты.

Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ Теңіз күштері. Фото: ашық дереккөздер.

Армиялар бір-бірінің қуатын анықтауға мүмкіндік алды

Шын мәнінде, соғыс кезінде қанша рет оқ атылды дегеннен көрі, оның қаншасы нысанаға дарыды деген маңызды. Қытай бұл рет аталған зымырандарды ату арқылы АҚШ-қа қыр көрсеткенімен, енді бір жағынан өзінің нақты соғыс қуатын анықтауға да мүмкіндік берді. Айталық, зымыранның ұшуы, жылдамдығы, атмосфераға қайта оралуы, қозғалыстағы нысананы табуы және нысанаға даруы секілді көп жақты информацияларды бере алды. Бұндай маңызды информациялар нақты әскери қақтығыстарда аса қажетті.

Дегенмен, америкалық ақпарат құралдары өздерінің әскери эксперттерінің және әскери барлау мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Қытайдың аталған зымырандары өздері білдіргендей жоғары мүмкіндікке ие емес деген қорытындылар жасады. Құрама Штаттың әскери барлау қызметі көп жылдан бері Қытайдың әскери-теңіз күштеріндегі зымырандарына, олардың орналастырылуы мен қуатына, даму процесіне баса назар аударып келген.

Dongfeng 26 баллистикалық зымырандары. Фото:
UnofficialChina.blog.

Қытай Халық-азаттық армиясы Оңтүстік қытай теңізінде зымыран ұшырғаннан бір күн кейін, АҚШ теңіз күштері Mustine атты эсминецін теңізге шығарды. Бұл эсминец әуеден қорғаныс миссияларын орындаумен қатар зымырандардың ұшуын қадағалай алатын Aegis радиолокациялық жүйесіне ие. Ол сол маңдағы зымырандардың ұшырылу траекториясын бақылап, оның әсерін бағалауға қабілетті. Бұл қытайлық зымырандардың қуаты мен дәлдігін, ұшу жылдамдығын анықтаудағы АҚШ-тың маңызды құралы саналады. Ал, үш күннен кейін АҚШ күштері тағы бір эсминецті Тайуан (Тайвань) бұғазынан өткізді. Тараптар осылай шартты әрекеттермен жауаптасты десе де болады.

Mustine атты эсминеці

Былай қарағанда, Қытай тарабы зымыран ұшыру арқылы қарсыласына жеңіліс туралы ойды елестеткісі келеді. Ал, енді бірі оның әрекеттеріне қарсы жауап беру арқылы шегінбейтінін көрсеткісі келеді. Әскери мамандар үшін бұл жауаптасулардың өзіндік мағынасы бар. Яғни, бір-біріне соғыс шығынының қаншалықты болатыны туралы да ескерту жасап жатыр деген секілді. Ал, жалпылық тұрғысынан бұл әрекеттер бір ғана нәрсені, Оңтүстік қытай теңізінде АҚШ пен Қытайдың аса шиеленісті жағдайда тұрғанын көрсетеді.

Қытайдың өңірдегі басымдығы және Құрама Штаттардың тактикасы

Әрине, екі елдің тұтас армиясын, әсіресе әскери-теңіз күштерін салыстырар болсақ басым көп дауыс АҚШ-ты көрсетеді. Бірақ, бұл арада Оңтүстік қытай теңізі туралы сөз болып жатқандықтан біз осы теңіздегі Қытайдың басымдығы туралы да айта кетуіміз керек. Соңғы он жылда Қытай Оңтүстік қытай теңізінде белсенділігін бір сәт кеміткен емес. Жасанды аралдар салды және сол жасанды аралдарда әскери қондырғылар орнатты. Бұның бәрі нақты қақтығыс кезінде Қытай үшін үлкен жеңілдік әкеледі. Құрама Штаттар бұл теңізде Қытаймен тепе-теңдікті алу үшін күресіп жатыр десе де болады. Ол үшін өңірдегі өзге одақтастары мен сенімді серіктері арасындағы қорғаныс ынтымақтастығын күшейту әрекеттері де бар.

АҚШ өңірдегі өз әрекетін халықаралық еркін және ашық су жолдарын қорғау, халықаралық ережелерді сақтау ретіне көрсетеді. Бұл ұстаным бойынша АҚШ Қытайдың әскери қуатына қарамастан өңірде ортақ ережені орнатуға тиістідей. Дегенмен, тікелей қақтығысқа бастайтын қадамдардан әр екі жақта сақтанып отырады. Түптеп келгенде Құрама Штаттың бір ғана көздеген мақсаты бар екенін көптеген сарапшылар айтып келеді. Ол болса – Қытайды өз потенциалын қайта бағалауға және амбициясынан бас тартуға көндіру. Бұл сөзді тәпсірлеудің қажеті шамалы. Жыл сайын жаһандық ықпалы артып келе жатқан Қытайдың терең амбициясының бар екенін мәлім бола түсуде.

 

 “The Qazaq Times”