Беларусь үкіметі отставкаға кетті. Бұл туралы Ұлттық құқықтық интернет порталда жарияланды.
Ресми хабарламада: «Беларусь Конституциясының 106-бабы, «Беларусь Республикасының Министрлер кеңесі туралы» 2008 жылғы 23 шілдедегі № 424-З заңының 9-бабы бойынша Беларусь үкіметі өкілеттілігін тоқтатты», – делінген.
9 тамызда Беларусьте президенттік сайлау өтті. Ресми мәліметке сәйкес, президент сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80%-ы дауыс берген, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10% дауыс алған. Наразылар сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді. Сайлаудан кейін елде жаппай наразылық орын алып, Еуроодақ пен Америка ширек ғасыр билік еткен Лукашенконың жеңісін мойындаудан бас тартты. Сонымен қатар ЕО құрамындағы 27 мемлекет Беларуське санкция енгізу мәселесін қарастырды. Лукашенконы «айқын жеңісімен» құттықтаған елдер қатарында Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан бар.
Беларусьте сайлауға дейін мерзімінен бұрын дауыс беру өтті. Мұндай норма ел заңымен қарастырылған, бірақ құқық қорғаушылар мен халықаралық бақылаушылар бұл әдісті қатаң сынға алды. Олардың пікірінше, үкімет дауыс беру нәтижелерін қолдан жасау тәсілін пайдаланған.
11 тамызда Тихановская Литваға бас сауғалап кеткеннен кейін екі рет бейне-үндеу жариялады. Бірінде ол балаларының қауіпсіздігіне алаңдауы, лажсыздық себебінен кеткенін айтқан. Екіншісінде Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Лидия Ермошинаның кабинетінде қысым жасалғандықтан, қағазға қарап отырып жақтастарын наразылық акциясына қатыспауға шақырған.
Кеше наразылық декадасының соңына қарай Тихановская халық лидері болуға дайын екенін айтты.