БҰҰ-ның хабарлауынша, Солтүстік Корея ядролық қару өндіруді тоқатқан жоқ. Пхеньян баллистикалық зымырандарға орнататын шағын ядролық қару түрін шығарды деген болжам бар.
Өткен аптада Ким Чен Ын енді ядролық қарудың арқасында елде соғыс басталу қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ шетелдік басылымдар Солтүстік Кореяның бұған дейін алты ядролық қару шығарғанын және оның қаупін жазған.
Солтүстік Корея 2006 жылдан бері баллистикалық зымыран және ядролық қару шығарады деген айыппен БҰҰ санкциясына іліккен. 2018 жылы The Washington Post газеті Солтүстік Корея қарулы күштері ел астанасы Пхеньян қаласы жанындағы зауыттардың бірінде АҚШ аумағына дейін жете алатын зымырандарын құрастырып жатыр деп жазған болатын. АҚШ барлау қызметінің спутник арқылы түсірген суреттерінде КХДР-ның бірнеше құрлықаралық зымыран құрастырып жатқандығы анық бейнеленген. Бірақ ресми Уашингтон аталған мәселеге байланысты ешқандай ресми мәлімдеме жасамаған.
Бұған дейін Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (International Institute for Strategic Studies) Солтүстік Кореяның соңғы зымыран сынақтарына пайдаланылған қозғалтқыш Кеңес одағында жобаланған ракеталық қозғалтқыштарға ұқсайтынын айтқан болатын. Ал КХДР заңсыз жолдармен Ресей немесе Украина елдерінен зымыран қозғалтқыштарын жеткізген болуы мүмкін деген қорытынды шығарған еді.