БАҚ өкілдеріне үш аптадан бері құпия болып келген коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандар саны 319-ға жетті.
Негізгі себебі басқа, өзге созылмалы аурулардың салдарынан қайтыс болған, бірақ бойында COVID-19 штамы бар құрбандардың саны соңғы рет 2 шілде айтылған еді. Одан бері 21 күн өткенде мәлімет өзге БАҚ өкілдері қатарында редакцияның жолдаған ресми сұрау хаты мен Орталық коммуникация қызметінде тікелей эфирде қойылған сұрақтарынан кейін қиындықпен жаңарды.
Пандемия кезіндегі вирустық себеппен болған өлім жағдайын анықтайтын комиссияның дерегінше, вирустың жанама әсерінен қайтыс болғандардың саны 319-ға өсіпті. Бұл туралы бүгін, бейсенбі Мемлекеттік бас санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова БАҚ өкілдерімен өткен онлайн баспасөз жиынында мәлімдеді.
Бұған дейін 2 шілде күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 101 адамның дәл осы себеппен қайтыс болғанын хабарлаған. Үш аптаның ішінде 218 адам қайтқанын көруге болады.
Биыл 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында Қазақстанда 234 мыңнан астам адам пневмония ауруына шалдыққан. Өкпе қабынуының ең шарықтау шегі маусым айының екінші және шілде айының алғашқы жартысында байқалған. Есмағамбетованың сөзінше, қазіргі таңда ел көлемінде 45 мың науқас стационар-ауруханаларда емделіп жатыр. Сондай-ақ шілде айы басталғалы бері пневмония дертіне шалдыққан 63 491 адам ауруханаға жатқызылған.
Соңғы ресми мәліметке қарағанда, елде 77 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталған. 610 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар елде вирус жұқтырғандар мен індетпен байланысты адам өлімі бұдан да көп деп санайды. Пандемияның модераторы саналатын Мемлекеттік штабтың www.coronavirus2020.kz ақпарат ресурсының хабарлауынша, коронавирустың кесірінен 585 қазақстандық қайтыс болған. Жалпы жиынтық есебіне келсек, осы уақытқа дейін COVID-19 вирусын жұқтырған 904 адам қайтыс болған. ДДСҰ ұсынған «COVID-19 өлімін сертификациялау және классификациялауға арналған» халықаралық нұсқаулық бойынша оқыс-бақытсыз жағдайды есепке алмағанда, бойынан вирус табылып, қайтыс болған кез келген адамның дерегі жалпы есепке қосылуы қажет. Қазақстан ауырған науқастарды да маусымда симптомды-симптомсыз деп бөліп қарастырған. Бірақ жаңа министр Алексей Цой бұл әдістен бас тартқан. Дегенмен өлім жағдайын тура-жанама себеппен есептеудің екіжақты тәсілі тоқтамай тұр.