Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шілде басталғалы 135 мың адам пневмонияға шалдығып, 1555 адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Бас дәрігер тамыз айынан бастап пневмония және коронавирус ауруының статистикасын бірге есептеуге болады.
Бүгін, 17 шілде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ДДСҰ Еуропалық кеңсесінің төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры доктор Дорит Ницзанның және Еуропалық аймақтық бюросының директоры доктор Ханс Клугенің онлайн байланысы арқылы өткен брифингте министр Цой 1 қаңтардан бері (15 шілдеге дейін – QT) 234 187 қазақстандықтан пневмония анықталғанын мәлімдеді. Бас дәрігердің дерегінше, биылға індеттен 3327 адам қайтыс болған.
Бұған дейін 2 шілде күні Алексей Цой алғашқы жарты жылдықта (қаңтар мен маусым – QT) 98 546 пневмония жағдайы, оның 1772-сі өлімге әкеп соқтырғанын хабарлаған еді. Демек бүгінгі дерекке сүйенсек, шілде айының алғашқы жартысының өзінде пневмониямен ауырған 135 641 адамның 1555-і қайтыс болғанын көруге болады. Сонда күніне 9 мыңдай адам тіркелген.
Брифингте пневмония туралы тың деректен бөлек министр келесі айдан, тамыздан бастап COVID-19 кейстері мен симптомы вирусқа ұқсайтын пневмонияның статистикасын қоса есептейтінін жариялады. Бірақ осы уақытқа дейін тіркелген 234 мыңнан астам (оның ішінде 135 мыңы шілдеде тіркелген – QT) адамның қайсында коронавирус белгісі болғанын қалай анықталатыны әзірге белгісіз. Дегенмен сарапшылар бір айдың өзінде күрт өскен 135 мың жағдайдың түгелдерлігі коронавирусқа жатады деп санайды. Ресми санақтағы 66 895 кейске қосымша шілдедегі 135 641 пневмонияны, мұның тамызға дейін өсетінін ескерсек, вирус жұқтырғандар саны кемінде 203 мыңға шығады.
Жаз басталғалы бері Қазақстанда Sars-CoV-2 вирусымен қатар коронавирустық пневмония өрши түсті. Статистиканы манипуляциялады деген ащы сынға ұшыраған денсаулық сақтау министрлігі екі ауруды қоса есептеуді президент Тоқаевтың «санақты біріздендіру» жөніндегі тапсырмасынан кейін бірден қолға алды.