Қырғыз елінің Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 вирусының салдарынан өкпе қабынуының өршігенін мойындап, бірге есептеуге көшті.
Kloop.kg интернет басылымының хабарлауынша, бұған дейін дәрігерлер пневмонияны бірде-бір рет коронавирустың асқынған күрделі кезеңі екенін айтпаған. Енді билік коронавирус инфекциясының кодтық атауы COVID-19 U07.1 болып, ал коронавирустық пневмонияны – U07.2 деп белгіледі.
Пандемия басталғалы бері Қырғызстанда 23 783 адамвирус жұқтырған, өкінішке қарай, оның 785-і қайтыс болған.
«Орталық Азия жаңалықтар қызметінің» мәліметінше, Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі шығарған бұйрығы негізінде пневмониямен ауырғандар COVID-19 көрінісі ретінде қарастырыла бастады. Премьер-министр орынбасары Аида Исмаилованың бейсенбі күнгі, яғни 16 шілдедегі брифингте айтқанындай, ведомство жақында COVID-19 бойынша ұлттық клиникалық нұсқаулықтың үшінші нұсқасын бекітіпті. Онда «коронавирустық инфекциясы бар пациенттерді және оның асқынуын, атап айтқанда пневмонияны алгоритмі қамтылған». Бұдан былай екі ауру бойынша түскен науқастар түгелдей стационарлық және амбулаториялық көмек алатын болады.
«ДДСҰ бекіткен аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес, COVID-19 зертханамен расталған U07.1 кодына және зертханалық расталмаған U07.2 кодына жатады, бірақ ол клиникалық және рентгенологиялық тұрғыдан көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігі өкім шығарды, соған сәйкес типтік емес пневмония осы кодқа жатады. Осылайша, атипиялық пневмонияның статистикасы COVID-19 кейстерімен қоса есептеледі», – деп түсіндірді қырғыз вице-премьері Исмаилова.
Қазіргі таңда Қырғызстанмен көршілер Орталық Азиядағы ең ірі ел Қазақстанда да пневмония дертіне шалдыққандар көбейген. Мамандардың көпшілігі, ДДСҰ-ның өкілдері, дәрігерлер мұны коронавируспен байланыстырады. Десе де жаңа командасын жасақтап үлгерген министр Алексей Цой коронавирустық пневмония деп тануға асығыстық танытпай отыр.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, пневмония 138 мыңнан асса, коронавирус 67 мыңға жуықтаған (2020 жылға – QT). КОронавирустан жалпы жиыны 476 адам қайтыс болған. Атырау және Алматы қаласында, елордада жағдай күрделенген. 6 мыңдай науқас медицина қызметкерлері. Кейстер саны негізінде әлем елдерінің тізімінде 29-орынға шыққан Қазақстанда тестілеу қарқыны бәсеңдеген. Осы уақытқа дейін небәрі 1,7 млн әртүрлі тест жасалған.