Қазақстанда карантин шаралары шілденің соңына дейін жалғасады. Үкіметтік комиссия 14 шілдеде шешім қабылдайды.
Карантин кезінде табыссыз қалғандарға 42 500 теңге төленеді. Бұл жөнінде президент Тоқаев: «Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға үкімет шілдеге 42,5 мың теңге төлейді», – деді.
Мұнымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында: «Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең Үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет», – деп жазды.
2 шілде Мемлекеттік комиссия отырысында Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралып, елде 14 күнге карантин шектеулері енгізілген. Сол күні қазіргі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде COVID-19 дертінен қайтыс болғандар саны аптасына бір рет жарияланады деп мәлімдеді.
Қазақстанда пандемия басталғалы бері 60 мыңға жуық адам COVID-19 індетін жұқтырды, 34 мыңнан астам адам сауығып шықты. 375 науқас қайтыс болды. Коронавируспен қатар елде пневмония өршіп тұр. 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Осы жылы маусымда Қазақстанда 628 адам пневмониядан көз жұмған.