Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында Тоқаевтың бірқатар әкімдерді қызметтегі салғырттығына сынағанын жазды.
Ақорда хатшысының сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін астанада індетке қарсы шаралар туралы кеңес өткізген.
«Ол коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін сөгіс жариялап, ескерту берді», – деп хабарлады.
Уәлидің мәлімдеуіне қарағанда, вирус ушыққан Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жарияланған. Сонымен қоса, астана әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескерту жасалды.
Сондай-ақ Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірдегі ахуалды реттеу қажеттігі ескертілген.
Тоқаев жиын барысында үйде емдел-емделме деп екіұшты сөйлеп, елдің есін сан саққа жүгірткен шенеуніктерді де сынның тезіне алғандай болды. Ақпараттандыру саясатын уыстан шығарып алған әкімдер мен министрлерге қиын шақта босаңсымауды тапсырды. Десе де «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына самарқау қарайтын үкімет пен депутаттар әрқандай мәселеге тиісті деңгейде үн қатыспайды.
«Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпарат ағыны жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда», – деді ол.