Еуропада коронавирустық инфекцияның жаңа кейстері тіркеле бастады. Бірқатар елде пандемияның екінші толқыны басталу қаупі бар. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге Копенгагенде өткен брифингте мәлімдеді.
«Еуропа коронавирусқа тосқауыл болдық деп хабарласа да, аймақта күн сайын 20000 жаңа жағдай және 700-ден астам адам өлім тіркелуде. Қауіп артты. Бұған бей-жай қарауға болмайды». – дейді Клуге.
Соңғы екі апта ішінде Еуропадағы 30 елде инфекция жұқтырғандар саны артқан. Әсіресе, Польша, Германия, Испаниядя COVID-19 диагнозы қойылған науқастар көбейген.
Осы аптада Германия шектеу шараларын қайта қолға алды. Індет өршіп, елдің батысында екі бірдей округ карантинге жабылды. Гютерсло аймағында ет комбинатында қызметкерлер жаппай коронавирусқа шалдыққан. Бұл округте 365 мың халық тұрады. Бүгіннен бастап онда музей, кинотеатр, фитнес орталықтар жұмысын тоқтатады. Дәріханалар, дүкендер мен мейрамханалар ғана ашық болады. Бірақ тұрғындар маска киіп, арақашықтықты ұстануы тиіс. Кейбір тұрғын үйлерді тормен қоршап қойған, себебі тұрғындарына үйден аттап басуға рұқсат берілмейді. Екі адамнан артық жиналуға тыйым салынған.