Еуропаның бірқатар елдерінде карантин шектеулері жеңілдетіліп, қалыпты өмірге көше бастады.

Ұлыбританияның Лондон қаласында мейрамхана, боулинг, кинотеатр мен театрлар жұмысын қайта бастады. Сонымен қатар әлемге танымал «Лондон көзі» алып дөңгелегі де ашылды. Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес мәдене орындарға келген көрермендердің санына шектеу қойылған. Қоғамдық тамақтану орындарында да әлеуметтік арақашықтық сақталу керек. Дегенмен, Англиядағы қоғамдық орындар ашылса да, Шотландия, Уэльс пен Солтүстік Ирланияда карантиндік талаптар мамырдың соңына дейін жеңілдемейді.

Ал Францияда бүгіннен бастап кафе мен мейрамханалардың жазғы алаңдары, дүкендер мен мұражайлар ашылды. Кинотеатрлар мен театрлар да шектеулі мөлшерде көрермендерді жинай алады. Стадиондар, концерт залдары мен дискотекалар әлі күнге дейін жабық. Барлық нысан тек сағат кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. Осыдан кейін коменданттық сағат күшіне енеді.

Үкімет екі аптадан кейін тағы да бірқатар шектеулерді алып тастауды көздеп отыр. Қазір елде күн сайын коронавирусты жұқтырудың 17-18 мың дерегі тіркеліп жатыр. Франция халқының шамаман үштен бір бөлігі вакцинаның бір екпесін салдырған. Алғашқылардың бірі болып шектеулердің жеңілдетілуін Франция президенті Эммануэль Макрон мен ел премьер-министрі Жан Кастекс атап өтті.

Италия билігі Ұлыбритания, Израиль мен Еуроодақ елдерінен келген демалушыларға қатысты 5 күндік карантинді алып тастады. Бұл шара жазғы туристік маусымды қолдау мақсатында қолға алынып отыр. Десе де, АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері, Канада мен Жапония азаматтары Италия аумағына енуі үшін теріс нәтижелі ПТР тест ұсынуы керек.

Осы аптадан бастап Португалия Еуропаның біраз еліне шекарасын ашып, туристерді қабылдай бастады. Ал келесі аптада Черногория әлемнің барлық елдерінен саяхатшылар қабылдай бастайды. Ал кейбір мемлекеттер керісінше шекарасындағы бақылауды күшейтуге мәжбүр. Мәселен, туристер арасында танымал Мальдив аралы Оңтүстік Азия мемлекеттерінен ешкімді ішке кіргізбейді. Өйткені мұнда вирустың қос мутацияға ұшыраған үндістандық штамы анықталған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 163 млн 913 мың адамға жеткен. 3 млн 417 мың адам вирустан қайтыс болған.

"The Qazaq Times"