Украина Қырымда, Донбасс аймағында әскери шеру өткізген Ресейді халықаралық құқық пен Минск келісімдерін бұзды деп айыптады. Бұл туралы Украина СІМ Ресей жолданған тиісті наразылық нотасында айтылған.
Украина СІМ баспасөз қызметі: «24 маусымда Ресей Федерациясының уақытша жаулап алған Қырым Автономиялы Республикасы мен Севастополь қаласында нацизмді жеңудің 75 жылдығына орай өткізген әскери шеру заңға қайшы деп санаймыз. Ресей тарабы Украинаның қолданыстағы заңнамасы мен халықаралық құқық талаптарын, соның ішінде БҰҰ Бас ассамблеясының 2014 жылғы 27 наурыздағы «Украинаның аумақтық тұтастығы» туралы қарар ережелерін бұзды», – деп хабарлады.
Сонымен қатар Қырым мен Донбастағы шерулерге байланысты Киев Мәскеуді «екіжақты қатынастардың өршуін жалғастырып, Минск келісімін өрескел бұзды. Еуропалық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін Қырымды әскерилендіру саясатын жүргізді» деп айыптады. Киев Мәскеуден «Украинаның мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы халықаралық заңсыз әрекеттерді дереу тоқтатуды» талап етті.
2014 жылы наурызда Украинадағы саяси дағдарыс пен мемлекеттік төңкерістен кейін Қырымның Жоғарғы Кеңесі және Севастополь қалалық кеңесі республиканың тәуелсіздігі туралы декларация қабылдады. 16 наурызда Қырым мен Севастопольде референдум өтіп, 18 наурызда Владимир Путин аталған аймақтарды Ресей құрамына қосу туралы келісімдерге қол қойды. АҚШ, Еуропаның бірқатар елдері, Түркия және Украина Қырымды Ресей аймағы ретінде мойындамайды.