Мамырдың соңында АҚШ-та вирустан қаза болғандар саны 100 мың адамнан асқан еді. Кейбір статистикалық мәліметтер америкалық жергілікті халықтың арасында вирустың жайылуы ең жоғары екенін көрсетті. АҚШ-тың Аризиона, Юта және Жаңа-Мексико штаттарының арасында 71 мың шаршы шақырым аумақтағы Навахон-Нейшендеде вирустың таралуы халық санына шаққанда Нью-Йорктан асып кеткен.
Аталған аймақтағы Навахо халқын вирус пен оның таралуы туралы мәліметтер қорқытпады, тек одан сақтану шаралары алаңдатты. Себебі, америкалық байырғы халықтардың мекендеген бұл аймағында су тапшылығы басты проблема. Олар үшін қолды сәт сайын жуып тұрмақ түгіл, ішерге су таппай отыр. Бұл аймақта жасайтын навахо халқының саны 174 мың шамасында. Олардың 2,3 пайызы вирусқа шалдыққан. АҚШ-та вирустың таралу ошағы ретінде дабырлатқан Нью-Йорктың өзінде халық санының 1,8 пайызы ғана вирусқа шалдыққан еді.
Навахоның 4 мыңнан астам адамы вирусқа шалдығып, 170 адам көз жұмған. Аймақ тұрғындары кірісін казино, мейрамханаларға жұмыс істеу және кен қазу секілді қара жұмыстардан кіргізеді. Алайда, навахолар да Америкадағы өзге жергілікті тұрғындар секілді кедейшілікте жасап келеді.
Кейбір мамандар навахоларға індеттің кең тарауын олардың христиан мен жергілікті діндеріне қатысты мерекелермен түсіндірген. Алайда, «Шекарасыз дәрігерлер ұйымы» навахолардың әлеуметтік жағдайының төмендігі басты себеп болды деп көрсетті.