Алматыда блок-бекеттегі патруль көлігін мас күйінде соққан жүргізушінің бұған дейін полицей болғаны хабарланды. Қайғылы жағдай салдарынан екі полицей қаза тауып, бір тәртіп сақшысы жансақтау бөліміне жатқызылған.

Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтың сөзіне қарағанда, автокөлік иесі бұрын 6 жылға жуық құқық қорғау органдарында қызмет еткен, алайда ол өз міндетіне немқұрайлық танытқаны үшін жұмыстан босатылған.

«Ол полицияда алты жыл қызмет етті, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ ол одан кейін де өзі үшін дұрыс қорытынды жасай алмады. Заңды бұзып, рөлге мас күйінде отырып, қылмыс жасады», – дейді Таймерденов.

Кеше, 25 мамыр күні таңғы сағат 05.30 шамасында облыстан қалаға кіреберісте, Қарасай ауданы, Көксай ауылындағы №4 блок-бекетте, жантүршігерлік жол апаты болды. BMW маркалы көлікті тізгіндеген 28 жастағы ер адам қатты жылдамдықпен бақылау-өткізу пунктінің бетон қоршауына соғылуының кесірінен серпінмен ұшып, жолдың арғы бетіндегі патруль көлігіне күшпен ұрылған. Салдарынан қызметтік көлік ішінде маңайды бақылап отырған 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза тапты. Ал оның жанындағы полиция сержанты Дастан Әбдіканов есін жимастан ауруханада қайтыс болды.

Блок-бекетте зардап шеккен үшінші полиция қызметкері Ербұлан Сейдазым қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ол планшетпен өтіп жатқан көліктерді тексеріп тұрған. Экс-полицей қазір қамауда, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 15 жылдан көп мерзімге бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізуіне тыйым салынуы мүмкін.

Оқиға орнында көз жұмған Дастан Әбдікановтің жары әлеуметтік желіде «күдіктінің полиция қызметкері екенін» растаған жазбасына дейін құзырлы органдар мен полиция департаментінің ресми өкілі мұны жоққа шығарған еді. Полицейдің қолынан өзге полицейлер ажал құшқаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі сақшыға (марқұмдарға) ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін беруге жарлық шығарды.

Аталған оқыс апат туралы қоғам қызу талқылап, Қазақстан полициясы өзін «мейілінше жабық ұстауын» және «ашықтықтан бой тартатынын» сынап жатыр. Белсенділер әлеуметтік желілерде жергілікті полиция басшылығы мас күйінде көлік жүргізген күдіктінің полицей болғанын жасыруға тырысты деп санайды.

Блок-бекетті заңсыз бұзып өтуге оқиғасы бірінші рет болып тұрған жоқ. Наурызда ТЖ режимі енгізілгелі бері Алматы қаласы мен Түркістан облысында да тексеріс аймағын көлікпен кесіп өтуге тырысқандар анықталған.

;feature=emb_title

"The Qazaq Times"