Германия мен Франция президенттері коронавирус пандемиясы туындатқан экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын талқылады. Осы мақсатта тараптар жаңа қор құрмақ.
Бұл бастама одақ ішіндегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Жоспар әлі талқылаудан өтуі тиіс. Ангела Меркель мен Эммануэль Макрон індеттен зардап шеккен экономиканың салаларына 500 млрд еуро мөлшерінде жәрдем қажет дейді.
Германия канцлері сөзінде: «Еуропа ұйымдасып әрекет ету тиіс. Ұлттық мемлекеттер дағдарыстан жеке өздері шыға алмайды. Еуроодақ тұрақты болған жағдайда ғана Германия қиындықтарын еңсере алады. Бізге бейбітшілік, еркіндік пен әр адамның амандығы қажет», – дейді.
Ұсыныс Еуроодақ құрамындағы басқа мемлекеттерге де қатысты. Бастапқыда санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күш біріктіру көзделген. Мәселен, дәрі-дәрмекті сатып алуда бірлескен, бірыңғай қор құру. Сонымен қатар шекараларды ашып-жабуға бағытталған қимылды үйлестіріп, бәріне ортақ санитарлық талаптарды сақтау.
Қор жөнінде Эммануэль Макрон: «Бұл 500 миллиард еуроны осы қаражатты пайдаланушылар ғана қайтармайтыны анық. Оны Еуроодақ мүшелері бюджеттерінің үлесіне сәйкес есептейміз. Немесе біз белгілейтін жарналар арқылы қайтара алады», – деп мәлімдеді.