Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі санитарлық нормаларды сақтамаған жағдайда қоғамдық көліктер қозғалысы тоқтатылуы мүмкін екенін хабарлады. Күшейтілген талапқа сәйкес, жолаушылар медициналық бетперде тақпаса, қоғамдық көлікке кіргізілмейді.
Көлік бақылау қызметінің қызметкерлері күн сайын рейд жасап, автобус жүргізушілері мен жолаушыларының санитарлық ережелерді қаншалықты сақтап жүргенін тексеріп жүр. Таяуда ғана 1 автопарк жүргізушісінің коронавирус жұқтырғаны анықталып, карантинге жабылды.
Қоғамдық көлік қызметі 12 мамырдан бастап қызметін қайта бастады. Қала ішіндегі автобустар күнделіті сағат 06.00-22.00 арасында жүреді. Қала сыртына қатынайтын автобустар қызметі екінші кезеңде іске қосылады.
Елордада санитарлық нормалардың сақталмауына байланысты карантин шаралары күшейтілуі ықтимал. Астана әкімдігінің хабарламасы бойынша, санитарлық нормаларды бұзған бірқатар нысандар жабылған, атап айтқанда, құрылыс компаниялары, азық-түліктік емес дүкендер, мейрамханалар, дәмханалар (өзімен алып кету қызметін қосып, жұмыс істегендер) және т.б. Нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды түгел сақтаған жағдайда ғана ашылмақ.
Адамдар әлі де қорғанып жүруге міндетті, маска кию тәртібі барлық жерде сақталуы керек, егер әлдебіреу қатаң санитарлық нормаларды ұстанбаса, қалада қайтадан қатаң карантин ережелері орнатылады, және қазіргідей бәсеңдету шаралары алынып тасталады. Біздің қалыпты өмірге тезірек қайта оралуымыз өзімізге тікелей байланысты, – деді астананың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.
Өткен аптада COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны күрт көбеюіне байланысты бүгін Ақтөбеде карантиндік шаралар күшейгені хабарланды. Осы себепті сауда үйі, мал-көлік-құрылыс базарлары, бала-бақша, көпшілік жиналатын ойын-сауық орындары, тіпті азық-түлік базарлары да әзірге жұмыс істемейтін болды. Мамандардың сөзінше, азаматтар санитарлық талаптарға немғұрайлы қарауынан аурулар саны артып, шектеулер қатаңдауы мүмкін.
Бүгінгі таңда Қазақстанда қауіпті кеселмен ауырған науқастардың саны 6440-қа жетіп, оның жартысы дертінен сауығып, үйіне жіберілген. Өкінішке қарай, 34 азамат аурудан айыға алмай қайтыс болған.