Денсаулық сақтау министрлігінің бірнеше рет өзгерген болжамын мемлекеттік бас санитар дәрігер бүгін тағы толықтырды.

Сәрсенбі күні өткен онлайн-брифиңте Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова көктемнің соңына дейін елде тіркелген науқастар саны 5 мыңнан асатынын мәлімдеді.

«Қазақстан бойынша сәуір айының ақырына дейін 3400 жағдай, ал мамыр айының соңына дейін 5300 науқас тіркелуі мүмкін деп болжап отырмыз», – деді Есмағамбетова.

Оның сөзінше, кейінгі кезде тіркеліп жатқан кейстердің көбі шетелден келген азаматтардың есебінен өсіпті. Соңғы екі аптадағы 200 жағдай осы сипатта анықталған көрінеді. Бұл жөнінде мемлекеттік бас санитар «Бұл елде ішкі ғана емес, сонымен бірге сыртқы қауіптің бар екенін көрсетеді, сәйкесінше болжамды біршама түзетуге тура келді», – деді.

Бұған дейін Айжан Есмағамбетова елімізде коронавирус инфекциясы «шарықтау шегіне жетті» деп мәлімдеген. Ол тіркелген науқастар саны «сәуірдің соңына қарай 2700, ал мамыр айының аяғында 4000-ға жететінін» хабарлап еді.

Өткен тәулікте министрлік 167 адамның ауру жұқтырғанын растады. Қазақстан кейстер саны бойынша 47 күнде 58-орынға тұрақтады.  Соныдай-ақ елдегі 17 өңірдің 11-інде дертке шалдыққандар саны жүзден асқан. Қазіргі уақытта 3 078 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі. Өкінішке қарай, оның 25-і қайтыс болды. Әзірге 774 адам дертінен айығып шыққан.

"The Qazaq Times"