Әлемнің енді бұрынғыдай болмайтынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да айтты. Аталған ұйым өкілдерінің сөзінше тұтас әлемде коронавирус пандемиясының таралуы бәсеңдеп қалғанымен, оның толықтай тоқтауына әлі де көп уақыт керек.
«Бізге тым ұзақ жолды басып өту керек. Бұл вирус енді бізбен көпке дейін бірге болады... Карантин шараларын қабылдаған елдердегі азаматтар бірнеше апта бойы үйге қамалып отырғандарына наразы, бірақ, әлем енді бұрынғыдай болмайды», – деді ДСҰ жетекшісі Тедрос Аданом Гебреисус.
Әлемді жайлаған індеттің жағдайы сәт сайын өзгеріп отыр. Батыс Еуропада жағдай тұрақтана бастап еді, енді Шығыс Еуропа, Орталық және Оңтүстік Америка, Африкада жағдай ауырлай түсті. Вирустың таралғанына салыстырмалы көп уақыт өтсе де індет әлі де қорқынышты күйде тұр. ДСҰ әлемнің басым көп бөлігі вирустан зардап шегетінін айтады, сондай-ақ, індеттің жаңа толқыны кез-келген уақытта өршуі мүмкін екенін де ескертеді.
Дүниежүзілік Covid-19 пандемиясына байланысты ресми сайттың мәліметі бойынша дәл қазіргі сағаттағы әлемдегі індет жағдайы мынадай:
Індетке шалдыққандар саны: 2 млн 640 мың 929 адам.
Көз жұмғандар саны: 184 мың 283 адам.
Жазылып шыққандар: 722 мың 717 адам.