Бүгін Ақордада өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында президент Тоқаев бірқатар маңызды мәселелер жөнінде мәлімдеме жасады.
Дүйсенбі ақ сарайды жаңғыртқан жиында президент оқшаулау шарасы мен ТЖ кезіндегі еңбек нарығы, мемлекеттік қолдау туралы сөз етті. Ол сақтық шарасын барынша күшейтуді, тіпті карантинге жабылған екі мегаполиске жаяу жүргіншіні де кіргізбеуді тапсырды.
«Қазір әлемде қатаң карантин шараларын кеш енгізген елдерде көп адам вирус жұқтырды. Вирустың кең тарауын тоқтату үшін жұртты қатаң оқшаулау керек. Басқа елдерден келіп жатқан жақсы және жағымсыз хабарларды ескере отырып, медицина жүйеміз кез келген жағдайға дайын болуы керек. ...Алдағы уақытта өзге ірі аумақтарды жабу туралы шешім қабылдау керек» деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, ТЖ енгізілгелі (16 наурыз) бері Ақмола, Атырау, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО, Түркістан облыстарында төтенше жағдай ережесін бұзған 18 дерек тіркеліп, олар әкімшілік жауапқа тартылған. Осы себепті «Енді ереже бұзғандарға жазаны күшейту қажет» деді ол.
Ел басшысы арнайы комиссия жиынында қабылданған бірқатар шешімдерін таныстырды:
- 55 жастан асқан азаматтарға үйден шықпау ұсынылды;
- Елдегі барлық ХҚКО (халық арасындағы атауы ЦОН – ред.) толық жабылады. Бірақ онлайн қызмет түрі тоқтамайды;
- ТЖ және карантин режимін бұзғандарға жаза қатаңдайды;
- Шетелден келгенінің бәрі карантинге жатады;
- Дәрігерлер мен полицейлерге жалақыға пара-пар бір реттік сыйақы төленеді;
- Індет себебінен жұмысы тұралап, тұрақты-негізгі табысынан айырылған 1,5 млн азаматқа 42,5 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі;
- Көп балалы отбасылар, мүгедектер және басқа да мұқтаж жандарға тегін азық-түлік таратылады;
- ТЖ кезеңінде ауыл шарушылығы және азық-түлік өнімдеріне белгіленген қосымша құн салығы (ҚҚС) төмендетіледі;
- Көпшілік жиналатын орындарда санитарлық талап күшейеді;
- Қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауысқандықтан елде мобильді байланыс қызметі мен интернетті мейілінше жақсарады;
- Қарулы күштер үш мегаполис пен өзге ірі қалаларды дезинфекциялаудың тәртібін бекітуі керек;
- Шағын және орта бизнеске салық-төлем түрлерін 3 айға дейін шегеруге мұрсат беріледі;
- Мектеп оқушылары және жастар үйде отырғандықтан, оларға қызықты онлайн бағдарламалар, лекция контенті жасалуы тиіс;
- Денсаулық сақтау министрлігі ауруханалардың сапасын күнделікті тексеріп, олардың кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз етуі керек.
Дағдарысқа қарсы мемлекеттік қолдаудың жалпы жиыны 4,4 трлн теңге (10 млрд доллар) екенін хабарлаған президент сөзінің көп бөлігін, сүйекті тұсы сандық деректерді орыс тілінде айтты. Алғы сөзі мен қорытындысын ғана, яғни 6%-ын ғана (2863 сөздің 170-сі) «мемлекеттік тілде» жеткізді.
Жауапты ведомство ұсынған соңғы ресми дерек бойынша, елде 62 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Олардың жартысы астанада тіркелген, екінші бөлігі Алматыда ем алып жатыр. Сондай-ақ Қарағанды қаласында екеу, ал Алматы және Ақтөбе облыстарында бір-бір науқастан тіркелген.