Тұтас карантинге жабылған Алматы қаласында коронавирус қатерлі індетінің 11 ошағы анықталып, бірнеше тұрғын үй кешені  15 күндік қатаң режимдегі крантинге алынды. 

Алматыда Достық даңғылындағы «Достық Plaza» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан «Almaty Towers» тұрғын үй кешені полиция мен әскерилердің бақылауына алынды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, күштік құрылымдар бейсенбі кешкісін ТК-ін толық қоршаған. Сарбаздар айнала орналасқан аумақтағы шығатын негізгі қақпада темір турникет қойылған.

Тұрғындардың бірінің сөзінше, түнгі сағат 23:00-ге дейін кіріп-шығу емін-еркін болған, дәрігер пәтер аралап азаматтардың ахуалын тексеріп шыққан.

Almaty Towers тұрғын үй кешенінде әрқайсысы 20 қабат болатын 4 үй бар.

Сонымен қоса Алматыда Гоголь мен Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты екі үй қоршауға алынды. Гоголь 75 және Қонаев 51 мекен-жайларында орналасқан тұрғын үй ғимараттары карантинге жабылған. Нысанды Ұлттық гвардия сарбаздары мен полицейлер қоршауға алған.

Сәрсенбі, 18 наурыздың түнінде ең алғаш Зенков-Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан «Сұңқар» тұрғын үй кешені дәл осындай тәртіппен карантинге жабылған еді. Сондай-ақ аталған ТК жанындағы 3 үй (Достық 42, Достық 42 А, Қабанбай батыр 68) қосымша оқшауланған.

Кеше, 19 наурыз Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «барлық ауданда 11 ошақ анықталғанын» хабарлап еді.

Ол вирус ошағының «бәрі бақылауға алынып жатыр. Сондықтан, халықтың көшіп-қонуын, қозғалысын тоқтату маңызды. Басқаша вируспен күресу қиын болады. Ертең ошақтардың қай жерде екенін толық айтамыз», – деді.

Қарағандыда ауырған екі адам Минск-Қарағанды рейсімен ұшып келген. Алматыда ауырған үш науқас та шетелден келгені анықталды.

«Қарағандыдағы екі жағдай бойынша, олар №0324 Минск-Қарағанды рейсімен ұшып келген жолаушылар. Бірі – 1971 жылғы, екіншісі – 1972 жылғы азаматтар. Ал Алматыда 1982 жылғы және 1979 жылғы әйел адамдар елге Берлиннен ұшып келсе, 1997 жылғы азамат Франциядан келді. Олардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Жалпы, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 49 адамға жетті, қайтыс болғандар жоқ», – деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

"The Qazaq Times"