Италияның солтүстігіндегі Чинто-Эуганео атты шағын қалада арнайы эксперимент көмегімен коронавирусты жұқтырудың жаңа жағдайлары тоқтаған. Венеция маңында орналасқан коммуна COVID-19 вирусының эпицентріне айналған сәтте барлық тұрғындарға медициналық тестілеу жүргізілген. Италия билігінің бұл шешімі қазір өзге мемлекеттерге үлгі болып отыр.

22 ақпанда Италия бойынша коронавирустан көз жұмған алғашқы адам Чинто-Эуганеода тіркелген. Оқиғадан кейін қалалық денсаулық сақтау органдары инфекцияның таралуын толық тоқтату мақсатында біршама эксперимент жүргізді.

Imperial College London университетінің профессоры Андреа Кресанти кішігірім қалада вирусқа жұқтырғандар санының күрт азаюы жайында жергілікті басылымдарға сұхбат берген. Оның айтуынша, қаланың барлық 3,4 мың тұрғыны вирус симптомдарының болу-болмауына қарамастан коронавирусқа тест тапсырады. Диагнозы расталғандар мен олар байланыста болған адамдардың барлығы қатаң карантинге жіберіліп, оқшауланған. 10 күн өткен соң, оқшуланғандардың барлығын қайтадан медиуиналық сынақтан өткізген. Нәтижесінде сырқаттанғандардың саны 90%-ға азайған.

Қала мэрі Джулиано Мартини британдық Financial Times газетіне берген сұхбатында тұрғындарда вирус симптомдарының жоқтығына қарамастан, медициналық тест тапсыру міндетті дейді. Себебі Чинто-Эуганеода жүргізілген сынақ кезінде қара халқының 3%-нан вирус анықталған. Вирус табылғандардың қатарында ауру симптомдары жоқ адамдар да болған.

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Оңтүстік Корея, Италия мен Тайуань үлгілеріне сүйене отырып, халықты коронавирусқа белсенді түрде тестілеуге шақырды.

Италия аумағында коронавирустан бір тәулікте 475 адам көз жұмған. Бұл – эпидемия басталғалы рекордтық өлім көрсеткіші. Қазіргі уақытта Италияда коронавирусты 35 713 адам жұқтырып, қайтыс болғандар саны мыңға жуықтады. Өлім көрсеткіші елдің солтүстігінде әлдеқайда жоғары.

Әлем және коронавирус

Bing.com дерегінше, әлемде 218 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 8,5 мыңға жуық адам қайтыс болған. Вирус дерегі анықталған елдер бірқатар шараларды қолға алды.

  • АҚШ-та президент Трамп Қорғаныс министрлігіне миллион респираторлық маска, өкпенің жасанды вентиляциясы аппаратынан 2 мың және басқа да жабдықтарды өндіру туралы бұйрық берді. Қазіргі уақытта америкалық ғалымдар коронвирусқа қарсы екпені сынақтан өткізіп жатыр. Егер екпе сәтті нәтиже көрсетсе, әлемнің басқа мемлекеттеріне 12 ай ішінде жеткізілуі мүмкін.
  • АҚШ пен Канада арасындағы шекара жабылады. Мұны екі елдің көшбасшылары растады.
  • Ұлыбританияда соңғы тәулікте 700 адамнан вирус табылды. Жұқтырғандардың жалпы саны 2600-ге дейін өсіп, 104 адам қайтыс болған. 20 наурызда барлық мектептер жабылады. Емтихандар басқа уақытқа ауыстырылады.
  • Ресейде бір тәулік ішінде тағы 33 ауру тіркелді. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 147-ге жеткен. Елде коронавирустық инфекцияның таралуымен күрес жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді, бірақ аймақ тұтастай карантинге жабылған жоқ.
  • Испанияда барлық қонақ үйлер жабылды. Ал Италия билігі 9 наурызда бүкіл ел бойынша карантин енгізді. Ел билігі вирустың таралуымен күрес жүргізу мақсатында адамдарды үйден шықпауға міндеттеді.
  • Осы аптада Еуропалық одақ пен Шенген аймағы елдері шекараларын 30 күнге жапты. Франция билігі халықтың қозғалыстар мен жиналыстар өткізу еркіндігін шектейтін төтенше санитарлық жағдай енгізді. Соңғы рет мұндай режим 2015 жылы 13 қарашада ірі теракт оқиғасынан кейін енгізілген.
  • Африкада Сахарадағы Буркина-Фасода вирустан көз жұмған алғашқы адам тіркелді. Ұлттық Ассамблеясының вице-президенті, 62 жасар Роуз Мари Компаоре дерттен қайтыс болған.
  • Мамырға жоспарланған «Евровидение» халықаралық музыкалық байқауы мен Ұлыбританиядағы «Гластонбери» музыкалық фестивалі өткізілмейтін болды.

"The Qazaq Times"