Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің өршуіне байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады.
Президент шашқан №285 жарлықта «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-не дейін төтенше жағдай енгізілсін» делінген.
Ақордадан келген пәрмен бойынша президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілді. Оған үкімет бастығы төрағалық етеді. Комиссия құрамына ПӘ басшысының орынбасары М.Мырзалин, бас прокурор Ғ.Нұрдәулетов, ҰҚК төрағасы К.Мәсімов, парламент орынбасарлары А.Шәкіров пен В.Божко, ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, ақпарат министрі Д.Абаев т.б. үкімет мүшелері кірген.
Әзірге 31 күнге созылатын төтенше жағдай кезінде бірқатар шектеулер енгізілмек:
- қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандардың күзеті күшейеді;
- ірі сауда нысандарының жұмыс істеуіне шектеу қойылады;
- сауда ойын-сауық орталығы, кинотеатр, театр, көрменің және кісі көп жиналатын басқа да орындардың қызметі тоқтайды;
- карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-амалдар атқарылады;
- ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, отбасылық, салт-дәстүр жиын-жобалар өткізуге тыйым салынады;
- кейбір ерекше санаттағы өкілдерді қоспағанда, ел аумағына көліктің барлық түрімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеу қойылады.
Жексенбі күнгі түстегі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 8 адам коронавирусқа шалдыққан.